Мемлекет басшысы жаппай декларациялау туралы пікір білдірді

Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек.

Ал сыйақы осы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Өзге жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын. Бүгінгі форумда Президент қоғамда қызу талқыланған сыйақы мәселелесін де қаузап, осындай пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын тиімді пайдалану ісінде әлеуметтік шығындарды қысқартуға да қатаң түрде тыйым салды.

Биылғы жылыту маусымына дайын болмаған Саран қаласындағы жағдайға Президент айрықша көңіл бөлді. Бұл жайт барлық әкімге сабақ болуы тиіс-деді. Жылыту маусымына әзірлік барысында олқылық жіберілсе – ол аймақ басшысының өз қызметіне сай келмейтінін көрсетеді. Президент Қарағанды облысындағы жағдайды мысалға келтіріп, жылыту маусымының мінсіз өтуі жеке бақылауында болатындығын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл ел аумағында энергия көздері мен жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қоймалардағы отын қоры жеткілікті. Бірақ қамсыз отыруға болмайды. Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік басқару жүйесінің алдында қазір нақты міндеттер мен едәуір сын-қатер тұр. Оқыс оқиғаларға дер кезінде үн қату, жағдайды ушықтырмау, дәл болжам жасау, қоғамның талап-тілегіне құлақ асу маңызды. Барлық мемлекеттік орган, коммуналдық және басқа да қызметтер үйлесімді әрекет етуі керек. Алайда, күнделікті шаруамен айналысып жүріп, стратегиялық мақсаттарды ұмыт қалдырмау қажет. Алға қарай ұмтылып, кең ауқымды перспективаны бағыт еткеніміз жөн. Проблеманың уақытша шешімін іздемей, оның түпкі себептерін жоюымыз қажет.

Президент: Әлеуметтік шығындардан үнемдеуге болмайды

Сондай-ақ мемлекет басшысы бюджет қаржысын тиімді пайдалану жөнінде тапсырма бергендігін еске салды. Бірақ бұл істе арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтіндей шешім қабылдануы тиіс. Яғни, әлеуметтік шығындар мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақыдан үнемдеуге болмайтындығын қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс. Зейнетақы жүйесінің әлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тәсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 75 жастан асты. Осы тұрғыдан алғанда аталған мәселе өзекті бола түседі.

Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары

Жуырда мемлекеттік қызметкерлердің сыйақысы мәселесі қызу талқыға салынған болатын. Қаржы министрлігі бұл сұрақтың соңғы нүктесін қойып, тыйым салуға негіз жоқ екендігін айтқан. Жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары болып жүрген мемлекеттік қызметшілердің қазіргі алатын айлықтары бәріне аян. Жүктеме көп, жалақы аз. Ақша көп төлемейтін жерге де білікті маман тарту қиын іс. Бұған Президент те назар аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар. Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын.

Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарайды

Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы тиіс. Бұл бағытта мемлекет басшысы тиісті тапсырмасын да берген. Себебі, қазір бір отбасынан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алып жатқан жағдайлар көбейген. Еңбек етуге құлықсыздық танытып, масыл болған. Ал мемлекет беретін әлеуметтік көмек шын мұқтаж жандарға ғана берілуі тиіс, деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар.

Президент жаппай декларациялауға қатысты пікір білдірді

Айта кету керек, келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланған. Осы ретте Президент соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды екеніне назар аударды. Өйткені бұл тұжырымдама осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елде цифрландыру ісі қарқынды дамып келе жатыр. Қазір түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Сондықтан да мемлекет басшысы Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет екенін айтты.

Риат Шони