Е. Қариннің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Жиында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл жоспарына сәйкес мониторингтің бесінші раундын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері салаға қатысты ұлттық заңнаманы және халықаралық стандарттарды енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады. Ерлан Қарин өз сөзінде Мемлекет басшысының Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ықпалдастыққа баса назар аударатынын атап өтті. Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші шетелдік сарапшылардың ұсыныстарын жүзеге асыруға және аталған беделді халықаралық ұйыммен байланысты одан әрі нығайтуға қатысты бірқатар тапсырма берді.