Мәскеуде ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы өтті
Еліміздің сыртқы саудасының төрттен бір бөлігі ТМД елдері нарығына тиесілі.
Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Мәскеудегі ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында атап өтті. Алыс-берісті кеңейту Достастыққа мүше мемлекеттердің басты міндеті. Осы ретте үкімет басшысы саладағы кедергілерді жою қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ ол, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасын құру бастамасы елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайта түсетінін атап өтті. Жиында көлік дәліздерін дамыту, тауар тасымалын арттыру, қоршаған ортаны қорғау, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту және ғылыми әлеуетті іске асыру барысы қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша азаматтық кеме жасау мен кеме жабдықтарының өндірісін дамыту, көлік кешенін цифрлық трансформациялау саласындағы ынтымақтастық туралы және басқа да құжаттарға қол қойылды. Айта кетейік, кеңес отырысы Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде өтті. Мұнда делегация басшылары студенттердің тың жобаларымен танысты. Кеңестің келесі отырысы 2025 жылдың мамырында Душанбе қаласында өтеді.