Сенат төрағасы М. Әшімбаев В. Матвиенкомен кездесті
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та елімізге ресми сапармен келген Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесіп, қос тарап парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды, деп хабарлайды 24KZ.
Мәулен Әшімбаев Валентина Матвиенконы Ресейде бүгін аталып өтіп жатқан Конституция күнімен құттықтай келе, аталған датаның символикалық мәніне назар аударды. Бүгінде көп қырлы Қазақстан-Ресей байланысы барлық негізгі бағыт бойынша тиімді дамып келе жатыр. «Бұған ең алдымен мемлекет басшыларының өзара қарым-қатынасы ықпал етіп отырғаны анық», – деді Сенат төрағасы. Кездесуде сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, туризм, цифрландыру және басқа да басым бағыттарды дамыту бойынша екі ел парламенттері алдындағы міндеттер белгіленді. Өз кезегінде Валентина Матвиенко Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді жоғары бағалап, парламентаралық байланысты әрі қарай жандандыруды көздейтін перспективалық салаларға назар аударды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Ресей – Қазақстанның негізгі саяси және экономикалық серіктесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас – берік және мызғымас достықтың үлгісі. Ынтымақтастықтың барлық саласында өзара іс-қимылдың дәйекті және тиімді дамуы осындай қатынастың дәлелі екені сөзсіз. Бұл сапар да парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары серпінін сақтауға өз септігін тигізеді деп сенеміз. Жалпы біздің негізгі міндетіміз – мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға ықпал ету.