Премьер-министр «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысын өткізді

«Талдықорған – Үшарал» жобасы бойынша жоспарланған 302 шақырымдық газ құбырының 95 шақырымы тартылды.

Газ құбырын салу жұмыстары мерзімінен бұрын жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің өткізген «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысында Нұрлан Жақыпов мәлімдеді. Сондай-ақ ол «Достық – Мойынты» теміржол дәлізін жаңғырту аясында 836 шақырым болатын жолдың, 786 шақырымы салынып біткенін айтты. Ол да жоспарлы көрсеткіштерден асып түскен. Жалпы қазір «Самұрық-Қазынаның» инвестициялық портфелінде 53,5 триллион теңге болатын 130-ға жуық жоба бар. Ал Үкіметтің ерекше бақылауында тұрған 44 инвестициялық жоба қазір оңтайлы жүзеге асып жатыр. Олардың арасында мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік-логистика мен тау-кен секторлары бар. Сонымен қатар қазір ұлттық компания сатып алу процестерінде отандық тауар өндірушілерге басымдық беріп келеді. Биыл офтейк-келісімшарттар сомасы былтырмен салыстырғанда 12 есе өсіп, 182 миллиард теңгеге жеткен.