Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Қытайға барды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Қытайға барды.

Сапар барысында бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті. Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде пікір алысты.

Сенат спикері  «Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Бүгінде бұл бағыт Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Қытай арасында «Аягөз-Тачэн» үшінші темір жолының құрылысы басталып жатыр. Сондай-ақ үшінші шекаралық теміржол өткізу бекетін ашу жоспарлануда. Орта дәліздің әлеуетін неғұрлым белсенді пайдалану елдеріміз арасындағы транзиттік-көліктік ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз», – деді. Сұхбат кезінде Чжао Лэцзи екі мемлекеттің басшылары белгілеп берген міндеттерді бірлесіп іске асыруға дайын екенін білдіріп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы және басқа да бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын жоғары бағалады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біз жылдан жылға мазмұны байып келе жатқан, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктес деңгейіне көтерілді. Барлық деңгейде тығыз байланыс орнады. Экономикалық өзара іс-қимыл белсенді дамып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығая түскенін астап өткен жөн. Қазақстан мен Қытай арасындағы осындай қарым-қатынастарды Парламент аралық ынтымақтастық арқылы да қолдап одан әрі дамытудың маңызы зор деп есептеймін».