Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек
«АЛТЫНШЫ. Салық-бюджет саясатын реформалау.
Бүгін бұл тақырыпқа қатысты қосымша баяндаманы тыңдадық. Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үдерістерді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті. Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайта береді. Сондықтан Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі.
Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда, шын мәнінде, бұл жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.
Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.
Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс.
Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына мүлдем жол беруге болмайды.
«Мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы көбіне инфляция үдерістерін бақылау шараларының тиімділігіне байланысты. Ұлттық банк пен Үкіметке батыл әрі қалыптан тыс, бірақ сындарлы шешімдер қабылдауға тура келеді.
Әлемдегі экономикалық конъюнктура тез өзгеріп жатқан кезеңде таптаурын жолмен жүруге болмайды. Ол заман келмеске кетті. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс.
Жолдауда цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқан едім. Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады.
Алайда, сарапшылардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небары 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.