Алматыда ЕО-Орталық Азия азаматтық қоғам форумы басталды
Алматыда цифрлық трансформация, климаттың өзгеруі, жастар және әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жиын басталды, деп хабарлайды 24KZ. Форумға әр елден 150-ден аса маман келді. Мақсат – азаматтық қоғамның жұмысын ширату. Өзара ынтымақтастықты жақсарту.
Мұнда Еуропалық Одақ өкілдері өңірлік ынтымақтастықтың үлгісі ретінде өз тәжірибесімен бөліседі. Жиынға келгендер үш күн бойы ұсыныстарын айтып, идея алмасады. Қарқынды дамып келе жатқан елдерге қолдау көрсететін «Жаһандық портал» стратегиясын талқылайды. Бұл еуропалық стратегия цифрлық, энергетикалық және көлік секторында интеллектуалды, таза, қауіпсіз байланыс орнатуды көздейді.
Алешка Симкич, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:
- Негізгі тақырыптың бірі: климаттың өзгеруі және мемлекет пен азаматтық қоғам бұл бағытта қандай үлес қоса алады. Одан кейін әйелдердің жағдайын жақсарту, олар қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы керек. Сондықтан әйелдер шешім қабылдау процестеріне қатысуы қажет. Осы тақырыптар форум жұмысының үш күнінде талқыланады.
Гюрел Гуркан, Аустриядағы UNOPS еларалық кеңсесі директорының міндетін атқарушы:
- Бұл форум аясындағы жобаларды Еуропалық Одақ қаржыландырады және оған 450 миллион еуро бөлінген. Жобаны жүзеге асыруды UNOPS ұйымы қолға алды. Біз Қазақстанда және Орталық Азияның барлық елдерінде осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз.