Е. Қошанов: Заңнамалық шешімдер халықпен тығыз байланыста қабылдануға тиіс

Парламент мемлекеттік органдармен, бизнеспен бірлесіп, Салық кодексіне ұсынылған түзетулерді мұқият талқылайды. Бұл жайында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысын ашу барысында айтты.

Ол: «Қосылған құн салығы мен әлеуметтік салық бойынша Үкіметтің позициясын білдік, елімізге салық реформасы қажет-ақ, бірақ ол барынша сараланып, байыппен қаралуға тиіс», – деді. Сондай-ақ бүгінгі жиында атом электр станциясын салатын орынды анықтау тақырыбы сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен талқыланып, қорытындысы бойынша конструктивті ұсыныстар әзірленетіні айтылды. Сонымен қатар заң шығарушы орган алдында медициналық сақтандыру жүйесіндегі жағдайды жақсартатын түзетулер қабылдау міндеті тұр.

Мұнан бөлек, алдағы уақытта парламент заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар да қабылдайды. Мәселен, Цифрлық кодекс жобасы елде жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қоюға тиіс. Деструктивті контент таратқаны үшін интернет-платформаларға жауапкершілік қарастырылады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіші бойынша оң серпін бар екенін атап өтіп, алдағы бес жылға арналған жұмыстың басты  бағыттарын айқындап берді. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін заман талабына бейімделген берік заңнамалық негіз қажет. Мемлекет басшысы Парламентке жер қойнауын пайдалану құқықтарын бөлу кезінде инвесторларға түсінікті әрі ашық құқықтық база құру туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен әзірленген жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы қаралып жатыр. Енді бастамашы депутаттар елімізге ірі геологиялық барлау компаниялары келуіне неғұрлым қолайлы жағдай жасау мәселесіне мұқият назар аударуы қажет. Бұл орайда озық елдердің тәжірибесін барынша зерделеп, жұмысты сессия соңына дейін аяқтауымыз керек.