Қазақстан мен Қатар құқықтық саладағы ынтымақтастығын арттырады

Қазақстан мен Қатар қылмыстық істерге іліккен азаматтарды өзара ұстап беруі мүмкін. Алдағы уақытта екі ел құқықтық салада бір-біріне көмек көрсетеді. Мәжіліс тиісті Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Құжатта тараптардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс тұлғаларды ұстап беру міндеттері көзделген. Бұл процесс үшін қойылатын талаптар, оны жүргізу тәртібі және өзге де қажетті шарттар бекітілді. Келісім тараптардың құзіретті органдарының ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан осындай келісімді Қатар елінен басқа 23 мемлекетпен орнатқан. Бұл халықаралық келісімдер негізінде былтыр елімізге 67 азамат, ал біздің елден 180 адам отанына қайтарылған.

Ал Қатар мемлекетіне қатысты 1 адамды беру туралы сұраныс жолданып, мәселе қаралып жатыр. «Осылайша Қазақстан азаматтардың мүдделерін қорғау саласында жағымды халықаралық тәжірибесін нығайтып жатыр», – деді құжатты таныстырған депутат Нұрсұлтан Байтілесов.