Президент боксшыларға Париж Олимпиадасында сәттілік тіледі
Ташкент төрінде атой салып, олжалы оралған боксшыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
Мемлекет басшысы спортшыларды жаһандық жарыстағы жарқын жеңісімен құттықтап, жас өрендер мен бапкерлерге Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын табыс етті.
Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді" деген президент финалдағы жекпе-жектерді өзі де түгел көріп, риза болғанын жеткізді.
Ташкентте басталған той елде жалғасты. Әлемге атой салған саңлақтарды ел-жұрт аяқтарын жерге тигізбей, қошемет көрсетіп жатыр. Бүгінгі құрметтің бастысы - президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауы.
4 алтын мен 1 күміс иеленген күрзі жұдырық иелеріне Президент Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын табыстады. Кейінгі 10 жылда болмаған жетістікке жетіп, жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінген боксшылар мен олардың жаттықтырушыларына риясыз ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев әлем чемпионатының финалдық кездесулерінен барша қазақстандық жанкүйерлер секілді асқан қызығушылықпен қарағандығын айтады. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз осы! Өйткені спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады.
Шын мәнінде, өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Мұхиттың ар жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты.
Президент марапатын алған боксшы сайыпқырандар Қасым-Жомарт Тоқаевқа спортшылардың қолтаңбасы бар былғары қолғап сыйлады.
Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Келесі біздің жарыстарымыз - ол биылғы Азия ойындары және ендігі жылы болатын Олимпиада ойындары. Еліміздің боксшылары осы жарыстарға тыңғылықты, сапалы дайындалып, еліміздің, халқымыздың, жанкүйерлердің үмітін ақтауға бар күшіміздің салуып, ерінбей еңбек етіп, тер төгіп, елімізді қуантамыз деген сеніммен сізге уәде береміз.
Жалпы соңғы кезде отандық спортшылар түрлі жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бүгінгі кездесуде Президент толағайларымыздың табысын ерекше атап, саланың дамуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау әрдайым болатындығын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы кезде қазақ спорты жаңа белеске көтерілді десе, артық болмас. Шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанды. Теннисші Елена Рыбакина ең әйгілі жарыстарда қатарынан бірнеше рет топ жарды. Балуандарымыз, олардың ішінде қыздарымыз да бар, Азия чемпионатында 7 алтын медаль алды. Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Азия чемпионы болды. Футболшыларымыз, хоккейшілеріміз жақсы нәтиже көрсете бастады. Әрине спортта жеңіс те, жеңіліс те болады. Дегенмен, біздің спортшыларымыз биік белестерді бағындырып келеді. Бұған бапкерлер мен басқа да спорт мамандарының зор еңбек сіңіргені анық. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Кездесу соңында Президент спортшыларға сәттілік тілеп, Париж Олимпиадасынан кейін қайта қауышамыз деген сенім білдірді.
Риат Шони