Алматыда гандболдан клубтар арасындағы Азия біріншілігі аяқталды

Оңтүстік Корея мен Кувейт, Үндістан мен Өзбекстан және еліміздің екі командасы бір апта бойы Достық спорт кешенінде өзара мықтыны анықтады.

Нәтижесінде, бас жүлде Сеулден келген командаға бұйырды. Кәрістер барлық ойында ұпайдан шашау шығарған жоқ. Ел намысын қорғаған Қызылорданың Қайсарына күміс жүлде бұйырды. Қола медаль Үндістаннан келген команданың қанжығасында кетті. Енді қол добы шеберлері біраз тынығып алған соң ұлттық құрама сапында Азия ойындары мен Олимпиадалық іріктеу жарыстарға дайындықты бастайды. Ал Алматыда аяқталған Азия біріншілігінің үздік ойыншысы болып Қайсар командасының шабулшысы Вероника Хардина танылды.

Вероника Хардина, жарыстың үздік ойыншысы:

- Дәл қазір Мұндай жарыстар бізге ауадай қажет. Өйткені байрақты бәсекелердің қарсаңында тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдап аламыз. Мысалы осы жарысқа қатысқан командалардың осалы жоқ. Бұрын іріктеуден аса алмай жүретін Үндістандықтар биыл қолаға қол жеткізді. Өкінішке орай бас жүлдені Кәрістерге беріп қойдық. Енді ұлттық құрама сапында есе қайтаруға тырысамыз.