Қ. Тоқаевты тойға шақырған спортшы кім?

Спорт саласын реформа күтіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын федерациялардың қызметіне ревизия жасалады. Легионерлерге иек арта бермей, жерлестерімізге жол ашу қажет. Тиісті министрлік спортты дамытудың, мүлде жаңа жолдарын ұсынуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Президент бүгін Ақордада Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, марапаттады. Сонымен Қытайда өткен додадан қандай қорытынды шығару керек? Парижден не күтеміз?

Азия ойындарының жүлдегерлері марапатталды

Әдетте жоғары лауазымды тұлғалар мен бизнес санаттағы көліктер келетін Ақордада бүгін ерекше қонақтар. Мына 3 автобус резиденцияға спортшыларды әкелді. Мемлекет басшысы XIX жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады. Қытайда өткен байрақты бәсекеде біздің құрама жалпыкомандалық есепте 11-ші орынға тұрақтады. Мемлекет басшысы нәтиже бұдан да жақсы болуы керек еді деді. Мұнысы бекер емес. Себебі қазақтың спорттағы әлеуеті қашанда жоғары болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет.

Сонымен Қытайдан 80 медаль әкелдік. 10-ы – алтын, 22-сі – күміс, 48-і – қола. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсудан үздік шықты. Ал каратэден жалпыкомандалық есепте І орын алдық. Азиадаға аттанған 8 саңлақтың бәрі жеңіс тұғырынан көрінді.

Тіпті каратэнің отаны саналатын Жапония, ең мықты деген Қытайдан оздық.

Асқар Молдағали,  каратэден ұлттық құрама бапкері:

- Енді бұл – өзіміздің тарихи сәтіміз. Бірінші рет осы Азия ойындарына барып, 8 спортшы апарып, 6 спортшымыз финалға шықты. Соның ішінде 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алдық. Артымызда қалған жапон мемлекеті сол 3 алтынды тек ката бағдарламасында алған. Кумэтеден тек 1 қола медальға қол жеткізген. Жапоннан кейін Қытай мемлекеті, 2 алтынмен қалған.

 

Қ. Тоқаев: Спорт саласына реформа қажет

Өзге спорт түрлерінен де осындай нәтиже күтіп едік. Болмады. Сондықтан бүгін Президент біразын қамшылай сөйледі. Еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткішіне көңілі толмайтынын ашық айтты. Енді спорт саласын реформа күтіп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат барынша тиімді жұмсалмайды. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек.

 

Спорт федерацияларына ревизия жасалады

Спортқа бөлінетін қаражаттың қайтарымы жіті бақыланады. Қаржыландыру моделі қайта қаралады. Мемлекет басшысы: «Қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату керек», - деді. Қазынадан ақша алып отырған федерациялар тексеріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитетінің байланысын да сынға алды. Арада үйлесім жоқ. Енді бұл мәселе қысқа мерзімде қайта қаралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет.

 

Қ. Тоқаев: Легионерлерге иек арта бермеу керек

Тағы бір міндет, ұлттық құраманың дайындығын күшейту керек. Атлеттеріміздің жоғары деңгейде дайындалуы үшін енді спорт медицинасы мен фармакология бағытындағы заманауи инфрақұрылымға басымдық беріледі. Бұл жерде Ұлттық спорт университеті негізгі рөл атқарады. Сондықтан Мемлекет басшысы оның құрылысын жылдамдату керек деді. Ақордадан естіген ақжолтай хабар, жаттықтырушылар мен басқа да спорт мамандарының жалақысы өсіп, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қабылданады. Әйтпесе, саладан көп кадр кетіп жатыр. Сосын спортқа шетелдіктерді емес, өзіміздің жастарды тартуға басымдық беріледі. Президент Үкімет пен әкімдерге дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге жақсы жағдай жасауға пәрмен берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір қыз-жігіттер жеткілікті. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашуымыз керек. Фаворитизм мен әділетсіздіктің кез келген түріне тосқауыл қойып, іріктеудің ашық және шынайы өткізілуін қамтамасыз ету аса маңызды. Халықаралық жарыстарда ел намысын үздіктердің үздігі ғана қорғауы керек. Отандық спортта әділеттілік қағидаты мен бәсекенің шынайылығы бірінші орында тұруға тиіс.

 

Азия ойындарының жүлдегерлері Ақордада

Саладағы біраз кемшілікті айтып, тапсырмасын берген соң Мемлекет басшысы бірқатар спортшыға құрмет грамотасын табыстады. Марапатталғандардың бірі – XIX жазғы Азия ойындарында стенд атудан екі дүркін жеңімпаз болған Әсем Орынбай. Бұл қызымыз мерген атанып, әлемдік рейтингте үздік бестікке кірді.

Қытайда көк туымызды көкке көтергендердің және бірі – Нұрқанат Әжіқанов. Каратэден финалда Иордания спортшысынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Күні кеше біздің мерейімізді өсірсе, бүгін – өз мерейі өскен күн.

 

Марапаттау сәті

Ризабек Айтмұқан да – алтын алған азамат. Бірақ бұл жігіт Қытайда емес, 3 апта бұрын Сербияда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Осылайша, Ризабек еркін күрес бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанып, тарихта қалды. Бұл жетістікті жиын барысында Мемлекет басшысы да айрықша атап өтті. Палуан енді 97 келіге дейін салмағын өсіріп, Париж Олимпиадасына қатыссам дейді.

Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем чемпионы:

- Еркін күрес олимпиадалық бағдарламаға кіреді. Әлем чемпионатына қол жеткіздік. Енді біздің келесі мақсатымыз – менің салмағымнан бір салмақ жоғары салмаққа өтіп, Олимпиада ойындарына лицензия алып, Олимпиада ойындарын ұту.

Қорған Қонцысбайұлы, тілші:

- Ақордадағы бұл марапат спортшыларымызды марқайтпау керек. Себебі қыр астында Париж Олимпиадасы тұр. Өткеннен сабақ алып, тыңғылықты дайындалу қажет. Мемлекет басшысы ел Олимпиадаға үміт артып отыр деді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.