Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды
Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі кезекті жеңісінен кейін бірден осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 24kz.
Айта кетейік, бірер күн бұрын Астанада бокс кеші өтті. Оның аясында қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анауэль Нгамиссенге кездесіп, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы чемпиондық атақтарды сарапқа салған болатын. Нәтижесінде жерлесіміз бесінші раундта қарсыласын нокаутпен жеңіп, титулдарын қорғап қалды. Бұл – Жәнібектің 17-ші кездесуі және 17-ші жеңісі. Оның 12-сін уақытынан бұрын аяқтап отыр. Осы жекпе-жектен кейін әлеуметтік желідегі парақшасына ол өзін «орта салмақтың патшасымын» деп жариялады және мексикалық Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырды.
«Сен де өзіңді патша санайсың ба? Ендеше әлемге қос патшаның айқасын көрсетейік. Канело, қайдасың?», - деді Жәнібек.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы бұған дейін де мексикалық былғары қолғап шеберіне бірнеше рет ұсыныс тасаған болатын және егер екінші тарап келісімін беріп, жекпе-жек ұйымдастырылып жатса, салмақ ауыстыруға да дайын екенін жеткізді.