Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали елге оралды
Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиді туған жері сән-салтанатымен күтіп алды.
Сыр саңылағын Қорқыт ата әуежайынан жерлестері мен жақындары ерекше құрметпен қарсы алды. Дүбірлі додада алтыннан алқа таққан оғланға ата-анасы мен туыстарынан бөлек, жас спортшылар да құрмет көрсетті. Хорватияның Загреб қаласында қарсыластарын түгел жыққан балуанға қазақтың дәстүріне сай дәм ұсынылып, ақын арнау айтты. Чемпион жеңіс жолында бірге аянбай тер төккен бапкерлері мен спортшы достарына алғысын жеткізді. Айдос Сұлтанғали енді алдағы байрақты бәсекелерге дайындалады. «Басты мақсатым Олимпиаданың алтынын жеңіп алу», – дейді күрес шебері.
Айдос Сұлтанғали, грек-рим күресінен әлем чемпионы:
- Он күндей демалып, әрі қарай дайындықты бастаймыз. Түпкі мақсат, келесі жылы Азия ойындары бар. Сол жақа барып, топ жарсақ деген үміттеміз. Сосын 2028 жылы Лос-Анджелесте болатын олимпиадада алтыннан алқа тақсақ деген үміттеміз.
Сұлтанғали Кеулімжаев, Айдос Сұлтанғалидың әкесі:
- Барша халқымыз шын ниетпенен, қуанышпенен қарсы алып, қуанышты бөлісіп жатырмыз. Айдосымыздың жеткен жетістігі – көптен күткен жеңіс. Осы жеңіс ізінен ерген жас ұрпақтың тәжірибе алып, біздің қазағымыздың туын әрдайым көкте желбіретіп, тұғыры биікте болсын.