Алматыдағы стадионда 150 волонтер қызмет көрсетеді
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» ойынында 150 волонтер қызмет көрсетеді.
Көрермендерді күтіп алып, орындарына жайғастыру соларға жүктелген. Оған қоса, матчтан кейін стадионды тазалауға көмектеседі. Осы ойында волонтер болғысы келгендердің қатары көбейе түскен. Әрине оның себебі түсінікті. Бәрі екі команданың тарихи кездесуін өз көзімен көргісі келеді. Күніне ондаған қоңырау түседі. Үйлестірушілердің айтуынша, енді сырттан адам қабылданбайды.
Волонтерлік біздің өмір-салтымыз. Ортақ мақсатқа жұмылдырады. Риясыз мейірімділік көрсетуге, жақсы қасиеттерді сіңіруге, жақсылық жасауға жетелейді. «Қайрат» футбол клубының жанындағы волонтерлік қозғалыс мүшелері осылай дейді. Олардың барлығы футбол жанкүйерлері. Сондықтан волонтерліктің осы бағытын таңдаған. Сұлтанды да мұнда сүйікті командасына деген сүйіспеншілік жетелеп келді. «Әкемнің есімі Қайрат. Мені кішкентайымнан алматылық команданың жанкүйері етіп өсірді» дейді.
Сұлтан Күнболат, менеджер:
- «Қайрат» футбол клубына кішкентай кезімнен волонтер болып кіргім келді. Жасқа байланысты ол жағынан проблемелар туындады. Жалпы маған көмектесу, ұйымдастыру дегенге кішкентай кезімнен қызығатынмын солай. 2021-2022 жылдары ерікті қылып қабылдады. Бір жарым жыл қарапайым волонтер болдым жұмыс атқаратын. Одан кейін волонтерларға жауап беретін координатор болдым.
Камила Джанваху 6 жылдан бері волонтер. Ол да «Қайраттың» жанкүйері. Орталық стадиондағы ойынын жібермей көреді. Жарын да стадионда кездестірген. Жолдасы фанклубқа мүше. Осылайша Қайраттың ойындарында танысқан екі жас көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді.
Камила Джанваху, үйлестіруші волонтер:
- Футбол менің хоббиім. Мамандығымның оған мүлдем қатысы жоқ. Бірақ осы жерге келсем екіншнші тынысым ашылғандай болады. Клубтың бір бөлшегі болғым келеді. Басында волонтер болдым. Қазір үйлестірушімін. Жолдасым да демеп отырады. Қазір 3 жаста қызым бар. Кейін ол да жанкүйер болатын шығар.
Ал Әсем волонтер ғана емес, өзі де футбол ойнайды. Ағасының қасында жүріп, доп теуіп өскен. Алғаш рет 10 жасында «Қайраттың» ойынын көрген. Содан кейін қайтсем де клубтың қыздар командасында ойнағысы келген. Бірақ, жасақтау кезінде жасы асып кетіп қабылданбапты.
Әсем Тоймаханова, волонтер:
- «Қайратқа» жақын болу үшін волонтер болам деп шештім. Мені бірден қабылдамады. Сөйтіп, 16 жасқа толғанда қайта келдім. Міне содан бері 5 жыл болды осындамын. Бұрын Бауыржан Исламхан мен Андрей Аршавин ұнайтын. Қазір Дастан Сәтбаев десе ішкен асымды жерге қоям. Мамандығым испан және ағылшын тілінің аудармашысы. Оны да футболды жақсы көргеннен кейін таңдадым. Мүмкін «Реал Мадрид» ойыншыларымен сөйлесіп қалармын. Биыл соңғы курста оқып жүрмін. Қосымша жекеменшік футбол мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеймін.
Осы жолы матчта 150 волонтер жұмыс істейді. «Қайрат» Чемпиондар лигасына шығып, Алматыға «Реал Мадрид» келетін болғаннан кейін осы ойында волонтер болсам дейтіндердің саны артқан. Мыңнан аса адам хабарласқан. Клуб жанындағы волонтерлік қозғалыс мүшелері наурыз-қараша айының аралығындағы ойындарда қызмет көрсетеді. Әзірге сырттан ешкімді алмайды.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов