«Реал Мадрид» УЕФА-ға шағымданды
Санаулы сағаттаң соң болатын Қайрат-Реал Мадрид матчына Килиан Мбаппе қатыспауы мүмкін.
Корольдік клуб ойын басталмай жатып УЕФА-ға шағым түсіріп үлгерді. Қазақстанға келген Чемпиондар Лигасының басты фовариттеріне бұл жолы не ұнамай қалды?
Ішкі чемпионаттағы ойындарда орындары көп тола бермейтін «Орталық стадион» бүгін құмырсқаның илеуіндей қайнағалы тұр. Азуын айға білеген Мадридтің Реалына Алматының Қайраты қарсы ойнайтын матчқа 23 мың жанкүйер жиналады. Алғаш рет Алатау бөктерінде болатын Чемпиондар Лигасының негізгі кездесуі бюджетке 3 млрд теңге пайда әкеледі.
Қос команданың деңгейін салыстырудың өзі артық. Қалқанқұлақ кубокты 15 мәрте жеңгең ұжымның жалпы құны – 1,4 млрд еуро. Ал Қайраттың қатарындағы аяқдопшылардың бәрін қосқанда бір ғана Мбаппенің бағасынан 15 есе арзан. Сол Испания чемпионатының үздік сұрмергені бүгінгі ойында өнер көрсетпеуі мүмкін. Реалдың бас бапкері французға демалыс беріп, оның орнына бразилиялық Эндрикке мүмкіндік беруі мүмкін.
Дегенмен испаниялық Марка баслымының болжамы басқаша. Шабуыл шебінде Мбаппе, қос қанатта Родриго мен Мастантуоно. Орталық алаңда Беллингем, Чуамени, Вальверде. Ал қорғанысқа Гарсия, Хейсен, Каррерас пен Ассенсио жауап берсе, қақпаны Куртуа күзетуі ықтимал.
Рафаель Уразбахтин шәкірттері 4-2-3-1 схемасымен ойнауы мүмкін. Сәтпаевқа Мрынский, Громыко, Жоржиньо жәрдемдессе, жартылай қорғаныста Қасаболат пен Офри Арад. Ал Қалмырза қақпасына қарсыласты жақындатпау міндеті Мата, Сорокин, Мартынович, Талапов төрттігіне жүктеледі.
Қайыркен Отыншы, спорт журналисі:
- Мықтыны мықты деу керек. Мадридтік ұжым еш қиналмастан жеңіске жетеді деп ойлаймын. Бүгінгі матч бір жағынан Қайрат үшін де өте үлкен мотивация. Себебі бір ғана матч әр ойыншының мансабын 180 градусқа өзгертіп жіберуі мүмкін.
Чемпиондар Лигасының тарихындағы ең ұзақ сапар шеккен корольдік клуб Алматының жасыл алаңына табаны тие сала УЕФА-ға шығып түсіріп үлгерді. Онсызда жиі арызданатын ұжымға бұл жолы «Орталық стадионның» шөбі жақпай қалыпты. Испандықтар газонның биіктігі 25 мм-ден аспасын деп, газонды қырқуды сұраған. Алайда УЕФА ұсынысты қабылдамады. Себебі газон биіктігі 30 мм-ге дейін талапқа сай болып саналады. Коментаторлар 7 мың шақырымды жолда қалдырған Реалға Қайрат оңай шағылар жаңғақ бола қоймауы мүмкін деп отыр. Оған қоса Мадридтік дербидегі жеңіліс – клубтың жаңа бапкері Хаби Алонсаның тактикасы толықтай қойылып үлгермегенін аңғартқандай.
Абылайхан Палмағанбет, спорт коментаторы:
- Олар 2-3 күн бұрын келе алмады. Себебі ішкі біріншілікте мадридтік Дербиді өткізгеннен кейін дүйсенбі күні келуге мәжбүр болды. Алматы таулы аймақ білесіздер. Құрамада міндетті түрде қысымы көтеріліп кеткен ойыншылардың болатыны анық және газонның сапасы тағы бар.
Десе де, доп домалақ. Ойын 90 минутқа емес, соңғы ысқырыққа дейін созылады. Қалай болғанда да бұл Қайраттың 67 жылдық тарихындағы ең жемісті маусым екені сөзсіз. Сол жемісті маусым жеңісті сәттерге толуына тілеулеспіз.
Ермұхмед Мәулен, спорт журналисі:
- Реал Мадридтің Қазақстанға келуі, Қайратпен ойнауы – Қайратқа да, қазақ футболына да пайдалы. Өйткені жас футболшылар еуропалық эксперттердің, қырағы көз скауттардың көзіне түсуі мүмкін. Испанияның басқа да белді Бетис, Реал Сосьедад секілді командаларға ауысуы мүмкін. Бұл матч Қайрат футбол командасына зор үлесін қосады. Қазақстандық жас футболшылар үшін де бұл керемет мүмкіндік.
Мадридтің әлемдегі миллиондаған фанаты мен Қайраттың Қазақстандағы жанкүйерлері тағатсыздана күткен кездесу Астана уақытымен сағат 21:45-те басталады. Алға Қайрат! Алға Қазақстан.
Авторы: Шерхан Абзалұлы