Қазақстандық жағажай волейболшылары чемпион атанды

Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Қазақстан ерлер құрамасы жағажай волейболынан алтын медаль жеңіп алды.  

Финалда отандастарымыз Таиланд командасынан басым түсті. Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш шешуші кездесуде 2:0 есебімен жеңіске жетті. Әйелдер командасы да жоғары өнер көрсетті. Қыздарымыз Гаяна Галаш пен Мерей Қожахмет қола медаль иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасын Алматы әуежайында сән-салтанатпен қарсы алды. Жүлдегерлерге туған-туыстары, жанкүйерлері, жаттықтырушылары мен спорт федерациясының өкілдері айрықша құрмет көрсетіп күтіп алды.

Сағыныш Оразалы, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жүлдегері: 

- Ол жақ өте ыстық, ылғалды, алаңы да қиын болды. Өте ауыр. Таиланд елімен өте тартысты ойын болды.  Олар жаздық ел ғой, құмда ойнап үйреніп қалған. Бірінші партияны өз күшімізбен алдық.

Мерей Қожахмет, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жүлдегері:

- Осы жарыста өзіміздің қалай ойнай алатынымызды көрсеттік және өзіміз жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймыз. Осы жарыстан 3-орын алдық қола жүлдегер болдық. Осыдан кейін өзімізге тағы да жаттығу жасау керек екенін түсіндік. Алда жарыстар болады деген сенімдеміз.