Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

Алматыда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында ІІ Әлем чемпионаты басталды.

Жарысқа 21 елден 180 адам қатысуда. Нақтырақ айтсақ, Орталық Азия елдерінен бөлек Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Германия, Италия, Оңтүстік Корея және Түркиядан тоғызқұмалақшылар келді. Олар топтық және жекелей сынға түсіп, 22 қарашаға дейін үздіктерді анықтайды. Жарыстың жүлде қоры 5,5 млн теңге. Ұйымдастырушылардың мақсаты – тоғызқұмалақ арқылы жастардың зияткерлік қабілетін дамыту, халықаралық ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайту. Алғашқы Чемпионат 2023 жылы Алматы қаласында өткен. Оған 17 мемлекеттен 136 спортшы қатысты.

Хана Котинова, Чехия Тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

- Чехияда тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамып келе жатыр. Біздің жастардың осы ойынға деген қызығушылығы артуда. Бізде 2024 жылы тоғызқұмалақтан клубтық ойын ұйымдастырылды. Бүгінгі чемпионатқа жақсы ойыншыларды алып келдік.

Әкім Тұрсын, ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

- Алдағы уақытта тоғызқұмалақты дүниежүзілік аренада дамыту үшін универсиада, паралимпиада, сурдалимпиада ойындарының түріне тоғызқұмалақ ойынын қосу. Өздеріңіз білесіздер оған бізде потенциал бар, ЮНЕСКО мойындаған.