Абай облысы Алғабас ауылында спорт кешені ашылды

Абай облысындағы Алғабас ауылында жаңа спорт кешені ашылды.

Арнайы келісім аясында салынған нысанның құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталды. Жалпы Абай өңірінде соңғы екі жылда 10 жаңа спорт нысаны халық игілігіне берілді. Қазір тағы 20 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек Алғабас ауылында 70-жылдардан бері жөндеу көрмеген су құбыры түгел жаңартылған. Осылайша шалғайдағы ауыл халқы таза ауызсуға қол жеткізді.

Алғабас ауылында 883 адам тұрады, оның 210-ы мектеп оқушысы. Ауылда салынған жаңа спорт кешені  888 шаршы метр. Бір мезетте 110 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Қазір волейбол және баскетбол үйірмелеріне қабылдау басталып кеткен. Аймақ басшысы спорт кешенінің ашылуы ауыл балаларына үлкен мүмкіндік сыйлайтынын атап өтті.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халықтың саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Спорт ұлт денсаулығының негізі» деп, кәсіби спортқа жол ашып, ұлт саулығын жақсартуға серпін беретін бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Заманауи талаптарға сай салынған бүгінгі жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және олардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Марат Рауанов, мектеп оқушысы:

- Мұнда душ бар, раздевалкасы кең. Ал мектепте біраз кішкентайлау болатын.

Алғабас облыс орталығынан 360 шақырым шалғайда жатқан ауыл. Жергілікті халық көп жыл бойы ауыз су тапшылығын тартып келген еді. Бұл өзекті мәселе биыл түбегейлі шешімін тапты.Мемлекеттік бағдарлама аясында ауылға жаңа су желісі жүргізілді. Жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын облыс әкімдігі үздіксіз бақылауда ұстады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесіне ауыл тұрғындары дән риза.

Берікбол Сәкенов, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Бүгін біздің ауылымызда үлкен той. Су қосылып, халық қуанып жатыр. Әркімнің үйінде су бар, жақсы жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Жоғарыдағы басшыларымызға үлкен рахмет. Ауылымыздың халқы өте қуанышты.

Қайнар ауылы бір кездері Абыралы ауданының орталығы болып, еңсесі биік елді мекендердің бірі еді. Алайда аудан таратылғаннан кейін ауыл бірқатар мүмкіндіктерден қағылып, бұрынғы қарқыны бәсеңдеп қалды. Осыны ескерген облыс басшылығы соңғы жылдары Қайнар халқымен жиі кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап келеді. Жуырда ауылдағы бірнеше әлеуметтік нысанға жылу беріп отырған ескі қазандықтар толық жаңартылды. Біраз жыл бос тұрған балабақша жөнделіп, қайта ашылды. Сондай-ақ жаңа өрт сөндіру бекеті де пайдалануға берілді.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков