Қысқы олимпиада ойындарына 60 күн қалды
Италиядағы 25-ші қысқы олимпиада ойындарының басталуына тура 60 күн қалды. Қазақстандық спортшылардың қоржынында әзірге 2 лицензия бар. Екеуі де мәнерлеп сырғанушылардың еншісінде.
Қазақстан 1994 жылдан бері 8 қысқы олимпиада ойындарына қатысып, 8 медаль жеңіп алған. Оның біреуі ғана алтын.
25-ші қысқы олимпиада ойындарында бас аяғы 195 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оған кемі 3,5 мыңнан астам спортшы қатысады деген жоспар бар. Енді төрт жылдықтың басты додасына ел атынан қанша отандасымыз баруы мүмкін?
Тура 60 күннен кейін Италияның Милан мен Кортина қалаларында 25-ші қысқы олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Төрт жылдықтың басты додасына әзірге 2 отандасымыз жолдама алып үлгерді. Олар мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина. Екеуі де Бостонда өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, ақ олимпиада лицензиясына қол жеткізген еді.
Мейрам Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
- Жалпы биылғы қысқы спорт түрлері бойынша олимпиада ойындарына 10 спорт түрінен қатысамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір 30-ға жуық спортшыда мүмкіндік бар. Жақында ғана шорт-тректен біріншілік аяқталды. Бірақ барлық рейтингтік турнирлардың қорытындысы қаңтар айының 20-сына қарай шығатын болады. Сол кезде нақты спортшылардың саны белгілі болады. Шорт-тректе алдынғы ондыққа енген спортшылардың тарапынан есептелінеді. Бізде ресми жарияланған жоқ. Бірақ 4 спортшы 9 лицензия алады деп үміттеніп отырмыз.
Қазақстан 1994 жылдан бері 8 қысқы олимпиада ойындарына қатысып, бас аяғы 8 медаль жеңіп алды. Яғни 1 алтын, 1 күміс және 6 қола бар. Алайда кейінгі 2022 жылғы Бейжің олимпиадасында спортшыларымыздың қоржыны бос қайтқан еді.
Бағлан Іңкәрбек, Фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қазір Шерзод бар, Азия чемпионы Роман Иванов бар. Екеуі қазір Щуцинск қаласында, бір айға жақындап қалды. Физикалық тұрғыда дайындықтан өтіп жатыр. Физикалық жаттығулар мықты. Былайша айтқанда, бекітіліп жатыр. Олимпиадаға 20 күн қалған кезде нақты 100 пайыз кімде лицензия бар, кімде жоқ екені белгілі болады.
40 шақты спортшы олимпиада жолдамасына таласады. Қазір олар арнайы шақырылған шетелдік мамандардың қол астында жаттығып жатыр. Мәселен, конькимен жүгіру мен мәнерлеп сырғанау, шорт-трек пен биатлон және шаңғы мен фристайл-могул секілді спорт түрлерінен қызу дайындық өтуде. Спортшылардың киімдері де тақау арада дайын болады.
Мейрам Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
- Қазір жеткізушілер мен киімді ұсынушылар дизайнерлер арасында келісімшарттар ұсынылып жатыр. Жақын арада ол жөнінде де хабарлайтын боламыз. Киім әдеттегідей ҚР ұлттық құрамасының жаңа парадтық формада және спорттық формада екі жиынтықта берілетін болады.
Төрт жылдықтың басты додасы 6-22 ақпан аралығында өтеді. Қысқы ойындардың ашылуы әйгілі Сан-Сиро стадионында ұйымдастырылып, ақ олимпиада алауы тұтанады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Қанат Махмұдов