Головкин мен Роналду кездесті
Түркістандықтар 2 спортшыға темір тұлпар тарту етті. Боксшы Сәкен Бибосынов пен каратэші Әсел Қанай су жаңа көліктің иесі атанды.
Сәкен жақында Дубайда өткен әлем чемпионатында топ жарса, Әсел әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Ғалымжан Кенжебек Ресейде ойнауы мүмкін
Футболшы Ғалымжан Кенжебек ресейлік клубқа ауысуы мүмкін. Қазір Қазақстан Ұлттық құрамасы мен «Елімайдың» ойыншысы көрші елдің «Ахмат» командасымен келіссөз жүргізіп жатыр. Тараптар трансфердің соңғы шарттарын талқылауда. Биыл отандасымыз «Елімай» сапында 11 ойынға қатысып, 16 гол соқты және 4 нәтижелі пасымен көзге түсті. Ал «Ахмат» клубы Ресей премьер-лигасында 22 ұпаймен 8-орында келе жатыр.
Әбиба кезекті марапатқа ие болды
Әбиба Әбужақынова кезекті марапатқа ие болды. Атырауда спорт және туризм саласының үздіктері анықталып, қошемет көрсетілді. Онда жаһандық және азия деңгейіндегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды. Олардың арасында дзюдодан ұлттық құрама үздігі Әбиба Әбужақынова да бар. Биыл ол Будапеште өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегер атанды. Қазір отандасымыз өз салмағында яғни 48 келіде әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
Головкин мен Роналду кездесті
Геннадий Головкин әлемдік футбол жұлдызы Криштиану Роналдумен кездесті. Қос спортшы Эр-Рияд қаласында жолығып, бір-біріне құрмет көрсетті. Онда Головкин «Әл Наср» клубының шабуылшысын кезекті 2 голымен құттықтаса, Роналду қазақстандық боксшымен кездескеніне қуанышты екенін айтып, спорттағы жетістіктерін жоғары бағалады. Әлемдік деңгейдегі танымал спортшылардың бұл кездесуі жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық туғызып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Айта кетейік, екеуі осыған дейін DAZN платформасының арнайы түсіріліміне бірге қатысқан еді.