«Қайрат» «Арсенал» қақпасына қос гол соқты

«Қайрат» кезекті рет көпшілікті таңқалдырды. Қазақстандық клуб чемпиондар лигасында «Арсеналмен» кездесіп, қарсыластар қақпасына қос гол соқты.

Ал бокстан ұлттық құрама өкілдері америкаға аттанып, жергілікті қыз-жігіттермен жаттығып жатыр.

«Арсенал» қақпасына қос гол соқты. Алматылық «Қайрат» чемпиондар лигасы аясындағы кезекті кездесуінде керемет ойын көрсетіп, күтпеген нәтиже тіркеді. Қазақстандық клуб сырт алаңда англиялық «Арсеналмен» жолыққан болатын. Лондондағы «Эмирейтс» стадионында өткен матч 3:2 есебімен аяқталды. Алаң иелері сапынан Виктор Дьекереш, Кай Хаверц және Габриел Мартинелли мергендігімен көзге түсті. Ал «Қайрат» сапынан алғашқы кезеңде Жоржиньо 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Екінші кезеңде нақтырақ айтқанда, екінші кезеңнің соңғы минуттарында Рикардиньо қарсыластар қақпасының осал тұсын тауып, есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды есеп, жоғарыда айтқандай, 3:2. Осылайша, «Арсенал» 8 мачтың 8-інде де жеңіске жетіп, 24 ұпаймен сенімді түрде турнир тізімінің бірінші сатысына жайғасты. Ал «Қайрат» 1 ғана ұпаймен ең соңғы, яғни, 36-шы орынға тұрақтады. Сәйкесінше жарысты осы жерден аяқтады деген сөз. Десе де қазақстандық жанкүйерлер Рафаэль Уразбахтин шәкірттеріне ризашылығын білдіріп, жылы лебіздерін жолдап жатыр. Өйткені «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығып отыр. Ал отандық футбол тарихында осындай жетістікке жеткен екінші команда. Яғни осыдан 10 жыл бұрын «Астана» жолдама алған болатын. Енді араға осыншама уақыт салып «Қайрат» елімізге қайтадан әлемдік футбол мерекесін әкелді.

ЧЛ: «Қайрат» қомақты табыс тапты

11 млрд теңге. «Қайрат» клубы чемпиондар лигасында осынша табыс тапты. Яғни алматылық клуб негізгі кезеңде ойнағаны үшін 18 миллион 620 мың еуро алады. Бұған қоса «Пафос» командасымен тең түскені үшін қосымша тағы 700 мың еуро қарастырылған. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық команда турнир тізімінің ең соңғы, яғни 36-шы сатысына жайғасты. Десе де осының өзіне 275 мың еуро төлем қарастырылған. Барлық кірістерді қосқанда, 19 млн 320 мың еуроны құрайды. Ал оны ұлттық валютаға шаққанда 11 млрд 650 млн теңге болады. Сонымен қатар Чемпиондар лигасы аяқталғаннан кейін телетрансляцияның сатылымынан түскен қаржыдан тағы да бонус беріледі.

Т. Байсуфинов – Ұлттық құраманың бас бапкері

Талғат Байсуфинов ұлттық құраманың бас бапкері. Бұған дейін отандық маман уақытша міндетін атқарушы ретінде қызмет етіп келді. Ол аталмыш жұмысқа 2025 жылдың 30 қыркүйегінде кіріскен болатын. Енді Қазақстан футбол федерациясы толыққанды келісімшарт жасасып, оны ресми түрде бас бапкер ретінде бекітті. Айта кету керек, Талғат Байсуфинов ұлттық құраманы үшінші рет тізгіндеп отыр. Әсіресе былтыр қиын кезеңде келіп, алаңдағы ойынды тұрақтандырды және жақсы нәтижелер тіркеді. Атап айтқанда, Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңді. Македония және Бельгия сияқты аузлы қомандалармен тең түсті. Осы нәтижелер ұлттық құраманың ФИФА рейтингіндегі жағдайын жақсартып, жанкүйерлер сенімін қайтара түсті. Федерация таратқан ақпаратқа сәйкес, жаңа келісімшарт Ұлттар лигасының маусымы аяқталғанға дейін есептелген. Яғни 2026 жылғы жаңа турнирлік циклге дайындықты толықтай Талғат Байсуфиновке тапсырып отыр.

Боксшыларымыз Америкада жаттығып жатыр

Қазақ қыз-жігіттері америкада жаттығып жатыр. Назым Қызайбай бастаған ұлттық құраманың үздіктері АҚШ-тың Колорадо Спрингс жаттығу базасына жетіп, жергілікті боксшылармен кешенді дайындыққа кірісті. Назымнан бөлек 51 келідегі Алуа Балқыбекова, 65 келідегі Аида Әбікеева, 70 келідегі Наталья Богданова да мұхиттың арғы жағына аттанды. Ал, ерлерден 60 келідегі Бибарыс Жексен, 80 келідегі Сабыржан Аққалықов және 85 келідегі Диас Молжігітов шеберлік шыңдауға мүмкіндік алды. Жаттығу жиынының өзі 8 ақпанға дейін жалғасады. Одан кейін қазақсатандық қыз-жігіттерді маңызды жарыстар күтіп тұр. Биылғы жылдың ең басты бәсекесі Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындары.