Қысқы Олимпиадаға дайындық қымбатқа түсті
XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық шығыны жоспарлағаннан қымбатқа түсті. Ұйымдастырушылар дүбірлі додаға дейінгі жұмыстардың өзіне 400 млн АҚШ доллары жұмсалғанын мәлімдеді.
Жалпы дайындыққа 5 млрд доллардан көп қаражат кеткен. Жоспар бойынша кей ойындар қолданыстағы немесе уақытша спорт нысандарында өту керек болған. Кейін бобслей, скелетон және шаңғы шанасы спортына арналған жаңа орталық салу туралы шешім қабылданды. Италияда Олимпиада нысандары әлі толық дайын емес. Десе де, ұйымдастыру комитеті ашылу салтанатына дейін барлық жұмысты аяқтауға уәде беріп отыр. Айта кетейік, биылғы қысқы олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 6 ақпанда Милан қаласында өтеді.