Түркістанда таеквондодан ел чемпионаты басталды
Түркістанда таеквондодан жастар арасында ел чемпионаты басталды.
Елішілік додаға Астана, Алматы және Шымкент қаласы мен елдің 17 облысынан 709 спортшы қатысып жатыр. 14 пен 17 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар 20 салмақ дәрежесі бойынша жекпе-жек өткізеді. Жарысқа қатысушылардың арасында ел біріншілігінің жеңімпаздары мен Азия чемпиондары да бар. Олар кезекті рет өз мықтылығын дәлелдеуі тиіс. Таеквондошылар бәсекесі 8 ақпанға дейін жалғасады. Ел біріншілігінің нәтижесінде сәуір айында Ташкентте өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа құрамы жасақталады.
Естай Ергелді, жарысқа қатысушы:
- Бірінші жарыс оңай болған жоқ. Қарсыласым Ақтөбеден келген. Ол да осал емес, мықты дайындалған. Бірінші жекпе-жек бәрі-бір қиын болады. Түркістанда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына жеңу үшін келдім. Болашақта арманым - Олимпиаданы бағындыруға дейін барамын.
Айзат Қарашашев, ҚР Таеквондо федерациясының вице-президенті:
- Таеквондо олимпиадалық спорт түрі болған соң жақсы дамып жатыр. Былтыр «Kazakhstan open» халықаралық турнирін өткіздік. Биыл да Астанада өтетін болады. Жыл соңында гранпридің соңғы финалы Астанада өтеді. 2027 жылы алғаш рет елімізде Әлем чемпионаы өтетін болады.