Талдықорғанда көркем гимнастика ғимараты ашылды
Талдықорғанда көркем гимнастика ғимараты ашылды. Енді Өркен спорт мектебінің 200-ден аса жас спортшысы заманауи орталықта жаттығады.
Нысан аумағы 2 мың шаршы метрден асады. Құрылысына жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, тоғыз айда тұрғызылды. Онда баскетбол және гимнастика залы бар. Залдың биіктігі 14 метрге жетеді. Бұл жас спортшыларға күрделі элементтерді емін-еркін орындауға мүмкіндік береді. Жаңа мекеменің табалдырығын аттаған жеткіншектер ел кубогына дайындалуға кірісті. Бұған дейін облыс орталығында гимнастшылардың жеке жаттығу залы болған жоқ.
Аяулым Баймырза, жас спортшы:
- Бұрынғы зал қиындық тудырды. Себебі біз лақтырғанда төбеге тиіп, қайта жерге оралатын. Ал қазір болса біз лақтырғанда ұстағанға оңай және ыңғайлы.
Диана Бейсенова, Көркем гимнастикадан Жетісу облысының аға жаттықтырушысы:
- Спорт кешеніміз қыздарымызға үлкен мүмкіндік береді деген ойдамыз. Өз деңгейлерін ұлғайтады деген сенімдеміз. Өте қолайлы. Себебі көркем гимнастикада үлкен нәтиже болу керек, кәсібилік маңызды. Оның бәрі үлкен рөл ойнайды.