Жеңіс әкелген костюм
Милан Олимпиадасының чемпионы отандасымыз Михаил Шайдоровтың мұз үстіндегі образы алматылық дизайнерлер Сәкен Жақсыбаев пен Ақмарал Жарасқызының қолынан шыққан.
Ғарыш пен жұлдызды аспанды бейнелеген костюмнің әр бөлігін асқан ыждаһатпен тіктік, - дейді шеберлер. Отандық дизайнерлердің қолынан шыққан костюм енді Лозанна қаласындағы Халықаралық Олимпиада комитетінің музейінде сақталады.
ХХV қысқы Олимпиада ойындары
Михаил Шайдоровтың жеңісіне әр қазақ қуанды. Әсіресе, оның мұз айдынына жарқырап шығуына үлес қосқан киім дизайнерлері ерекше шаттанды. Сол қуаныш пен мақтаныштың табы әлі басылмапты. Сөзбен жеткізу мүмкін емес, - дейді олар. Эскизін сызып, матасын бояп, әр тасын қолмен қадаған еңбектері Олимпиада төрінде жарқырағанына қуанышты.
Ақмарал Жарасқызы, киім дизайнері:
- Осы костьюмді тіккенде біз жақсы ниетпен жасауға тырыстық. Сәттілік әкелсін, жеңімпаз болсын, елімізге алтын әкелсін деп солай тіледік. Шыны керек, қатты қобалжыдық, қалай болар екен әрбір жарысқа қарап қоямыз, не болады екен деп. Алтын алғанда енді қатты қуандық қой. Өзіміз алтын алғандай болдық қой.
Сәкен Жақсыбаев пен Ақмарал Жарасқызы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың командасымен былтыр шілде айынан бері бірге жұмыс істеп келеді. Алғаш рет Денис Тенді еске алуға арналған турнирге костюм тігіп берген. Сол бәсекеде бағы жанып, Михаил жүлдеге ие болады. Ал Милан төрінде еркін бағдарламада киген киімді бұған дейін Михаил Қытайда өткен жарыста да киіп, алтын олжалаған еді. Осы жарысқа спортшының өтініші бойынша аздап өңдепті.
Сәкен Жақсыбаев, дизайнер:
- Костюмнің тақырыбы – ғарыш. Айтпақшы, бұлар – түпнұсқа эскиздер. Ол әдемі Құс жолын, жұлдызды аспанды бейнелеуді өтінді. Мұндағы мата – дайын мата емес. Біз оны өз қолымызбен бояп, сурет салдық. Соңында шеберлер моншақтарды кестелеп толықтай қолмен орындады.
Костюмде Михаилдың харизмасын және ішкі энергиясын көрсетуге тырыстық, -дейді шеберлер. Себебі киім мұз үстіндегі қимылдың әдемілігін үстемелей түсу керек. Айтпақшы аса жауапты жұмысты тыныштықта, түнгі уақытта тігіпті. Костюм әсем тастармен безендірілген қолғаппен толықтырылды. Ғарыштық образ ақ Олипиаданың мұз айдынында Димаш Құдайбергеннің музыкасымен үйлесіп, тұтас әсерлі композицияға айналды.
Ақмарал Жарасқызы, киім дизайнері:
- Әрбір өлшем кезінде тренер Алексей, менеджер тұрады, Михаил, біз сонда қатты қобалжып тұрамыз. Іштей уайымдап, бәрі жақсы болса екен, бәрі жақсы отырып, өлшемі дұрыс болса екен деп соны уайымдап тұрамыз. Бізге Михаилдің тренері Алексей әрбір костьюмге балл беріледі деп айтты. Соған қарап біз сапалы жасауға тырыстық.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жүлде алған кезде киген киімі Лозанна қаласында орналасқан Халықаралық Олимпиада комитетінің музейіне қойылады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев