Михаил Шайдоров елге оралады
Елордалықтар қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты күтіп алуға дайындалып жатыр.
Ұлттық Олимпиада Комитетінің мәліметінше, мәнерлеп сырғанаушы бүгін түнде Астанаға ұшып келеді. Әуежайда спортшыны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтеді. Артынша БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұхбат береді. Расында Шайдоровтың жеңісі қазақ спорты үшін тарихи оқиғаға айналды. Ол қысқа бағдарламадан кейін 5-орында тұрғанына қарамастан еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, жалпы есепте бірінші орын алды.
«Қайрат» - «Картахена» шешуші кездесуі
Футзалдан алматылық «Қайрат» Испаниялық «Картахенаға» есе жіберді. Ширек финалдағы алғашқы кездесу Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өтті. Бірінші тайм тең аяқталды. Ал екінші таймда жерлестеріміз есеп ашты. Бірақ испаниялық клуб 2 гол салып, алға шықты. Қайраттықтар бар күшін салғанымен, таразы басын теңестіре алмады. Ойын есебі 1:2 болып аяқталды. Дегемен, бұл қос клуб арасындағы алғашқы кездесу. Қарымта ойын 6 наурызда Испанияда өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығады. Айта кетейік, құрылғанына 30 жыл болған «Қайрат» футзал клубы осыған дейін УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы атанған еді.
Густаво Парадеда, «Қайрат» футзал клубының спорттық директоры:
- Екінші таймда есепті өзгертуге болар еді. Бірақ, біз мүмкіндікті пайдалана алмадық, сондықтан бірінші ойын осылай аяқталды. Мұны екі кездесудің бірінші таймы, деп есептейміз. Алда Ипанияда Картахена алаңында 40 минуттық ойын бар. Олар өз үйінде ойнайтындықтан бізге оңай болмайды.
5 боксшымыз келесі айналымда
Бокстан халықаралық “Странджа” турнирі жалғасуда. Әзірге шаршы алаңға көтерілген 10 отандасымыздың бесеуі жеңіске жетті. Яғни Бағлан Кенжебек пен Тимур Қабдешов, Фарух Тоқтасынов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы және Нурмагамед Юсупов келесі кезеңге жолдама алды. Ал Бекзат Алдамжаров пен Бейбарыс Жексен, Руслан Күзеубаев пен Диас Молжігітов және Санжарәлі Бегалиев алғашқы айналымда жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Болгарияда өтіп жатқан турнирге 36 елден 300-ден астам боксшы қатысып жатыр. Онда ел атынан бас аяғы 39 былғары қолғап шебері өнер көрсетуде.