28 ақпанда Қазақстан суперкубогі сарапқа салынады
Қазақстан суперкубогі сарапқа салынады.
Ертең Қайрат пен Тобыл футболдан ел суперкубогін сарапқа салады. Алматылықтар былтыр ішкі чемпионатта топ жарса, қостанайлықтар Қазақстан кубогін иеленген болатын. Қос команда суперкубокті тарихта үш-үштен еншілеген. Екеуі де бабында. Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жолдастық кездесулер өткізіп келді. Қазір матч билеттері 2 мың мен 8 мың теңге аралығында сатылып жатыр.
Айбар Рысдәулет, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы:
- Биылғы ерекшелік бұл матч бірінші кезекте Астана-арена стадионында жабық кешенде өтеді. Жанкүйерлерге барлық жағдай жасалған. Рамазан айына келгендіктен матчтың ортасында ауыз ашатын уақытта жанкүйерлерге арнайы су мен құрма таратылады.
Дәл осы матчтан кейін Қазақстан чемпионаты ресми түрде басталады. Жанкүйерлер тарапынан биылғы маусымға қызығушылық жоғары. Себебі былтырғы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірнеше клуб жекешелендірілді. Сәйкесінше бәсекелестік артып, тартысты ойындар көбейеді деген сөз.
Айбар Рысдәулет, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы:
- Биыл командалардың басым бөлігі жекешелендірілуге өтіп жатыр. Сондықтан жаңа ойыншылар, жаңа бапкерлер келгендіктен жаңа құрам жинақталады деген сөз. Жеке қаржы келгендіктен ойыншылар деңгейі өседі. Бұл өз кезегінде Қазақстан чемпионатының деңгейін өсіруге көмегін тигізеді.
Қыздар рейтингілік турнирде топ жарды
Қазақстандық бұрымдылар еркін күрестен рейтингілік турнирде топ жарды. Албанияда өткен халықаралық жарыста әйелдер құрамасының екі бірдей өкілі Зейнеп Баянова мен Лаура Алмағанбетова алтын медаль жеңіп алды. Зейнеп Баянова 50 келіде белдесіп, іріктеу кезеңдерінде АҚШ пен Жапония, Үндістан өкілдерін ұтты. Финалда тағы бір Үндістандық спортшымен кездесіп, 13:2 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал 55 келідегі Лаура Алмағанбетова алғашқы айналымда Үндістан өкілін тізе бүктірсе, жартылай финалда Германиялық спортшыдан айласын асырды. Ақтық сында украиналық Лиллия Маланчукпен тартысты кездесу өткізіп, 3:2 есебімен басым түсті. Сәйкесінше Қазақстан қоржынына 2-алтынды салды.
Дзюдошылар жарыстарға дайындалып жатыр
Дзюдодан Қазақстан құрамасы жаңа маусымға қызу дайындалып жатыр. Ұлттық Олимпиада Комитетінің мәліметінше, балуандарымызды жақын арада екі бірдей халықарлық жарыс күтіп тұр. Дзюдошыларымыз 6-8 наурыз аралығында Өзбекстандағы “Үлкен Дулыға” мен Австриядағы гран-при турниріне қатысады. Қазір ұлттық құрамада айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дегенмен, бірқатар жас спортшылар негізгі құрамға қосылған.
ЦИТАТА
Робер Мшвидобадзе, дзюдодан ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі
Ұлттық құрамаға алынған жастардың барлығы болашағынан үлкен үміт күттіретін еңбекқор спортшылар. Олар жақын арада нәтиже береді деп ойлаймын. Дәл қазір дзюдошылар толықтай бабында. Жаттығу үрдісіне айтарлықтай өзгеріс енгізілмеді. Тек Әбиба Әбужақынованы суық тиюіне байланысты аздаған уақытқа жаттығудан босаттық. Қалғаны жоспар бойынша өтіп жатыр.