6 наурызда қысқы Паралимпиада басталады
Футболдан алматылық «Қайрат» петерборлық «Зенитпен» жолдастық кездесу өткізеді.
Матч қос команданың байланысын нығайтып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылғалы отыр. Ойын 28 наурызда Санкт-Петербордағы «Газпром арена» стадионында өтеді.
Санаулы күндерден кейін Италияда 14-ші қысқы паралимпиада ойындары басталады. Онда ел намысын 7 спортшымыз қорғайды. Олар парашаңғы мен парабиатлон бойынша сынға түседі. Жарыстар 6-16 наурыз аралығында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл ойындардың маңызы ерекше. Биыл қысқы Паралимпиада ойындарына 50 жыл. Әлемдік дода 1976 жылы Швецияда бастау алған.
Дияр Сейітов, ҚР Ұлттық Паралимпида комитетінің бас хатшысы:
- Паралимпиадалық қозғалыс елімізде қарқынды дамып келеді. Оған жазғы Паралимпиада ойындарында жеңіп алған медальдар саны айқын дәлел. Осындай оң үрдіс қысқы ойындарда да жалғасып, қуаныш сыйлайды деген сенімдеміз. Жалпы қоржынымызда Пхенчхандағы 1 алтын жүлде бар. Сондай-ақ 1996 жылы еншілеген күмісіміз бен Александр Герлицтің қоласы бар. Әр спортшыға үміт артамыз.
Семсерлесуден әлем кубогі кезеңі өтеді
Қазақстанда алғаш рет семсерлесуден әлем кубогы кезеңі өтеді. Оған 96 елден 600-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс ерлер мен әйелдер арасында жекелей және командалық сындар бойынша ұйымдастырылады. Әлем кубогы кезеңін 26-29 наурыз аралығында Астанадағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешені қабылдайды.
Руслан Курбанов, Семсерлесуден ұлттық құрама мүшесі:
- Мен семсерлесумен алғаш айналыса бастағанда әлем кубогінің бір кезеңі Қазақстанда өтеді деп ойламаған едім. Ол кезде мұндай турнирлер Италия, Франция, Венгрия сынды семсерлесу дәстүрі қалыптасқан алыс елдерде өтетін. Әлемнің үздік спортшылары да сонда жиналатын. Енді Қазақстанда ұйымдастырылғалы отыр. Бұл біздің мемлекетіміз үшін жалпы қазақ спорты үшін үлкен мәртебе. Мұндай ірі жарыстар жайдан-жай кездейсоқ тапсырылмайды. Бұл біздің дәрежеміздің халықарлық деңгейде мойындалғанын білдіреді.
И. Мизерных рекорд орнатты
Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан рекорды тіркелді. Ұлттық құрама спортшысы Илья Мизерных әлем кубогі кезеңінде 219 метрге секіріп, ел рекордын жаңартты. Нәтижесінде іріктеу кезеңінде 188,7 ұпай жинап, 14-орынға жайғасты. Жарысқа бас аяғы 54 спортшы қатысты. Айта кетейік, 19 жастағы отандасымыз Милан Олимпиадасында үлкен трамплиннен секіру сайысында 8-орын алып, осы спорт түрі бойынша Қазақстанның олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижесін тіркеген болатын. Сондай-ақ ол былтыр жасөспірімдер Олимпиадасында тарихи алтынға қол жеткізіп, жеңіске жеткен еді.
Бұрымдыларымыз жалпы есепте топ жарды
Күрес түрлерінен Қазақстан әйелдер құрамасы Албаниядағы рейтингтік турнирде топ жарды. Бұрымдыларымыз 3 алтын, 2 қола еншілеп, жалпы есепте бірінші орын алды. Екінші орынға Үндістан жайғасса, үздік үштіктен АҚШ спортшылары көрінді. Ұлттық құрама сапынан Зейнеп Баянова мен Лаура Алмағанбетова және Жәмила Бақбергенова бірінші орын алып, алтыннан алқа тақты. Артынша Нилуфар Раймова мен Гүлмара Еркебаева халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанды. Додаға 22 елден 100-ден астам спортшы қатысты.