Астанада «Tartys Fest» ұлттық спорт фестивалі өтті
Ауқымды шара ұлттық ойындарды дәріптеп, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар қала тұрғындарынан құралған командалар қатысты.
Фестивальдің басты бағдарламасына қазақ халқының ежелгі ойындарының бірі саналатын арқан тарту сайысы еніп отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар өз өңірлерінің намысын қорғаса, келушілер нағыз талас-тартысқа толы көрініске куә болды.
Ержігіт Өсербай, қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
- Бұл жерде 12 команда тіркелді. Іс-шараның негізгі мақсаты Наурызнаманың онкүндігі сонымен қатар бүгінгі Көрісу күні аясында өткізіліп жатыр.
Әлішер Ислам, «Спорт және мәдениетті дамыту» ҚБ басшысы:
- Бұл жарыс былтырдан бастап өткізіліп келеді. Біз әртүрлі федерацияның спортшыларын жұмылдырдық. Алайда осы фестивальге кез келген адам қатыса алады. Жас жағынан да ешқандай шектеу жоқ. Кәсіби және әуесқой спортшылар бір алаңда мықтылық байқасу мүмкіндігіне ие. Өйткені спорт бәрімізге ортақ.
Фестиваль барысында қала тұрғындары арқан тартысудан бөлек, жасанды интеллект элементтері қолданылған турникке тартылу, қой көтеру және тоғызқұмалақ сайыстарына қатысты. Жеті жастағы Қасым Ернатұлы соңғы аталған спорт түрі бойынша бірқатар жарысқа қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Бүгін де жасанды интеллектіні жеңу арқылы ел біріншілігі алдындағы өз дайындығын бір пысықтап алды.
Қасым Ернатұлы, тоғызқұмалақтан Астана чемпионы:
- Мен тоғызқұмалақты жақсы көремін. Жаңа ғана жасанды интеллектіні ұттым. Жасанды интеллект емес, ақылды, білімді, тәжірибе жинаған, өзін жеңе біле алатын адам мықты болады. Сол жасанды интеллектінің барлығын ұтып, тәжірибе жасап, мықты бола бастайды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және қала тұрғындарының бос уақытын белсенді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік жасау. Барлық бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мейрамбек Қайыркелді, Досхан Қораз