Елена Рыбакина финалда сүрінді
Ясмина Тоқсанбаева жеңіл атлетикадан Жапониядағы Азия чемпионатында ІІ орын алды. Отандасымыз спорттық жүрістен 20 шақырымдық қашықтықты 1 сағат 37 минутта бағындырып, күміс медаль еншіледі.
Ал І, ІІІ орындар қытайлық жеңіл атлеттерге бұйырды.
Елена Рыбакина финалда сүрінді
Елена Рыбакина Indian Wells турнирінің финалында сүрінді. Ол ақтық сында әлемнің бірінші ракеткасы саналатын Беларусь спортшысы Арина Соболенкомен кездесіп, 1:2 есебімен ұтылды. Жерлесіміз алғашқы сетті өз пайдасына шешкенімен, қалған екі сетте 3:6, 6:7 есебімен есе жіберді. Десе де бұл жарыс Рыбакинаның жаһандық рейтингтегі көрсеткішін жақсартты. Дәл қазір ол әлемнің екінші ракеткасы саналады.
Елена Рыбакина, теннистен Ұлттық құрама мүшесі:
- Ең алдымен осы турнирді ұйымдастырған жандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Соңғы бірер аптада осы жерде ойнағаныма қуаныштымын. Финал өте ауыр әрі тартысты өтті. Арина Соболенконы чемпиондық атағымен құттықтаймын. Алдағы уақытта да осындай жоғары деңгейдегі матчтарда жиі кездесеміз деп үміттенемін. Сондай-ақ командама рахмет айтқым келеді. Әрине, бұл біз күткен нәтиже емес. Алдағы турнирлерде бұдан да жақсы ойын көрсетуге тырысамыз.
Каратэшілер 3-орын алды
Қазақстандық каратэшілер Премьер-лига турнирінде жалпы есепте 3-орын алды. Қоржында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола бар. Ұлттық құрама сапынан Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта топ жарды. Отандасымыз финалда англиялық Рошель Уолтерспен шығып, 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша қатарынан 2-ші Премьер-лига турнирінде жеңімпаз атанып отыр.
Ал 61 келіде Әсел Қанай финалда жапониялық спортшымен тартысты жекпе-жек өткізіп, сәл ғана ұпай айырмасымен қарсыласына жол берді.
Сондай-ақ ерлерден 60 келіде Мирас Әбдіқадыр үздік үштіктен көрінді. Жалпы есепте Жапония топ жарды. Италия екінші орынға жайғасса, Қазақстан үшінші орынға табан тіреді.
Әбиба Әбужақынова жарыстарға қатыспайды
«Қашан оралатыным белгісіз». Дзюдодан ұлттық құрама өкілі Әбиба Әбужақынова жарақатына байланысты әзірге жарыстарға қатыспайды. Себебі беліндегі жарақаты қайта сыр берген. Қазір бабында емес. Ол наурыз айының басында Аустриядағы гран-при турнирінде өнер көрсетіп, жүлдеден үмітті басты спортшылардың қатарында болды. Алайда қолаға таласып, күтпеген жерден нидерландылық қарсыласына ұтылып қалған еді.
Әбиба Әбужақынова, дзюдодан Ұлттық құрама мүшесі:
- Жарақат салдарынан маусымды Grand Slam турнирінен емес, Гран-при жарысынан бастадым. Әлі толық қалпыма келген жоқпын. Аустриядағы жарыстан кейін белім қайта сыр берді. Енді толық ем қабылдаймын. Әзірге турнирлерге қатыспаймын. Татамиге қашан ораларым белгісіз. Астанада өтетін Grand Slam турниріне дейін қалпыма келіп үлгеремін бе, оны да білмеймін.