Е.Рыбакина финалдық ойын өткізеді
Бүгін Италиядағы 14-ші қысқы паралимпиада ойындары ресми түрде аяқталады.
Әзірге қазақстандық пара спортшылар 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте 18-орында тұр. Ал көш басына Қытай, АҚШ, Аустрия құрамалары жайғасқан.
Бүгін теннистен АҚШ-тағы Индиан-Уэллс турнирінің жеңімпазы анықталады. Финалда Елена Рыбакина мен Беларусь спортшысы Арина Соболенко ойнайды. Екеуі осыған дейін 15 мәрте кездескен. Соның 8-і Соболенконың пайдасына аяқталса, Рыбакина 7 рет жеңіске жеткен. Десе де соңғы 2 ойында жерлесіміз қарсыласынан басым түсті. Екеуі де әлемдік рейтингте бірінші-екінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Айта кетейік, Елена кеше жартылай финалда украниналық теннисшімен кездесіп, 2:0 есебімен ұтты. Қос сет қорытындысы бойынша 7:5, 6:4 есебі тіркелді. Ол осыған дейін тағы бір украиналық, ұлыбританиялық және 2 америкалық спортшыны жарыс жолынан шығарған еді.
Елена Рыбакина, Теннистен ұлттық құрама мүшесі:
- Мен әрқашан үздік теннисшілерге қарсы жақсы ойнадым. Бұрын статистикам сәл төмен болды. Өйткені тартысты матчтарда жиі жеңіліп қалатынмын. Бірақ жыл өткен сайын тәжірибем толысып, тұрақтылық қалыптасты. Сол қарқынымды сақтап, осы турнирде жеңіске жетемін деп ойлаймын.
2 каратэші финалда айқасады
Каратэден 2 бірдей отандасымыз Италиядағы премьер-лига турнирінің финалына шықты. Ұлттық құрама сапынан 61 келіде Әсел Қанай мен 68 келідегі Софья Берульцева ақтық кезеңде өнер көрсетеді. Әсел іріктеу кезеңдерінде алдымен чилилік, артынша Тунис спортшысынан басым түсті. Финалда Жапония өкілімен бас жүлдені сарапқа салады. Ал Софья Берульцева Түркия, Испания өкілдерін ұтып, шешуші сынға жолдама алды. Алдағы финалда Токио олимпиадасының қола жүлдегері англиялық Рошель Уолтерспен айқасады. Айта кетейік, бұл турнирге әлемдік рейтингте жоғары тұрған үздіктер ғана қатысады. Жарыста 66 елден 400-ге жуық спортшы өнер көрсетіп жатыр. Жерлестеріміз осыған дейін Түркиядағы турнирде 2 алтын еншілеп, жалпы есепте үздік үштіктен көрінген еді.
«Tartys fest» ұлттық спорт фестивалі өтті
Астанада «Тартыс Fest» спорт фестивалі өтті. Ауқымды іс-шара ұлттық ойындарды дәріптеп, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Сайысқа кәсіби спортшылармен қатар қала тұрғындарынан құралған командалар қатысты.Жарыстың басты бағдарламасына қазақ халқының ежелгі ойындарының бірі саналатын арқан тартыс еніп отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар өз өңірлерінің намысын қорғаса, келушілер нағыз талас-тартысқа толы көрініске куә болды.
Ержігіт Өсербай, қалалық Спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
- Бұл жерде 12 команда тіркелді. Іс-шараның негізгі мақсаты Наурызнаманың онкүндігі сонымен қатар бүгінгі Көрісу күні аясында өткізіліп жатыр.
Әлішер Ислам, «Спорт және мәдениетті дамыту» ҚБ басшысы:
- Бұл жарыс былтырдан бастап өткізіліп келеді. Біз әртүрлі федерациялардың спортшыларын жұмылдырдық. Алайда осы фестивальге кез келген адам қатыса алады. Жас жағынан да ешқандай шектеу жоқ. Кәсіби және әуесқой спортшылар бір алаңда мықтылық байқасу мүмкіндігіне ие. Өйткені спорт бәрімізге ортақ.