Бокстан Азия чемпионаты басталады
Ертең бокстан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты басталады.
Сары құрлық үздіктері Моңғолияның Ұланбатыр қаласында бас қосады.
Бұл додаға біздің елден бас-аяғы 20 боксшымыз қатысып, ел намысын қорғайды.
Ертең бокстан азия чемпионатының жалауы желбірейді. Әлем назары Монғолияға ауатыны сөзсіз. Дәл қазір жаһанның ең үздік 2 құрамасы саналатын Қазақстан мен Өзбекстанның былғары қолғап шеберлері сары құрлық бәсекесінде жолығады.
Мерей Ақшалов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы:
- Алтын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оны бас бапкер де, құрама бапкерлері бәрі біледі. Сондықтан биыл алтын болады деп сенеміз, үміттенеміз. Алтын үшін барымызды саламыз.
Жарыс World Boxing ұйымы аясында 10 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Бас бапкер Нұржан Насанов ерлерден негізгі құрамды апару туралы шешім қабылдады. Яғни ағайынды Сабырхандар мен Оралбайлар және Санжар Тәшкенбай мен Оразбек Асылқұлов, Ертуған Зейнулинов пен Сабыржан Аққалықов, Ерасыл Жақпеков пен Сағындық Тоғамбай ел намысын қорғайды.
Жандос Айтбайұлы спорт сарапшысы:
- Бұйырса кемінде 3-4 алтын болу керек. Барлығының есімі елге таныс. Кіл мықтылар. Барлығы алтын алуға әбден лайықты. Дегенмен, Азия біріншілігі оңайға соқпасы анық. Көп жерде айтып жатыр Өзбекстан екінші құраммен келе жатыр бізге жеңілдеу болады, жалпы есепте топ жару керек деп. Жігіттер ол жауапкершілікті жақсы біледі. Бас бапкердің өзіне ұлкен сынақ деп айтсақ болады. Өйткені Нұржан Насановтың бірінші азия чемпионаты бас бапкер ретінде.
Ал бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайділдин жарысқа 2-ші құрамды апармақшы. Сәйкесінше 1 алтын алсақ соның өзі үлкен жетістік дейді сарапшы. Себебі Қытай мен Өзбекстан құрамалары бірінші нөмірлі боксшыларын әкелмек.
Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:
- Әлем чемпионаттарында топ жарып жүрген негізгі құрам Азия ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізеді деп бұл жарысқа қоспаған екен. Дұрыс жастарға да мүмкіндік беру керек. Олар да шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтыру қажет осындай жарыстарда. Елдос Сайділдин баптайтын Қазақстан құрамасы алдыңғы үштіктен көрінеді деген ой бар.
Айта кетейік, Азия чемпионаты Монғолияның Улан-Батор қаласында өтеді. Жарыс 28 наурызда басталып, 11 сәуірге дейін жалғасады.
Мерей Қанапия, Нұрғали Мамырбаев