Қазақстан - Комор аралдары футбол матчы өтеді

Елена Рыбакина әйелдер арасындағы әлемдік WTA рейтингінде екінші орында тұр.

Қоржынында 8108 ұпай бар. Ол Майамидегі турнирде жарыс жолын жартылай финалдан аяқтағанына қарамастан жаңартылған рейтингте өз орнын сақтап қалды. Көш басында 11025 ұпаймен Беларусь теннисшісі Арина Соболенко тұр. Ал АҚШ өкілі Кори Гауфф Ига Швёнтекті артқа тастап, 3-орынға көтерілді. Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева үш сатыға жоғарылап, 72-орынға жайғасты.

Қазақстан мен Комор аралдары ойнайды

Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Комор аралдарымен ойнайды. Матч FIFA Series турнирі аясында өтеді. Кеше жерлестеріміз кездесу алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, дайындықтарын пысықтады. Ойын 17:00 де Астана-арена стадионында өтеді. Еске сала кетейік, Қазақстан турнир аясындағы алғашқы кездесуін Намибияға қарсы өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

Талғат Байсуфинов, футболдан қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

- 5 күн ішінде сол философия, сол стиль, қалай футбол ойнаймыз, 2025-ті қалай аяқтадық, қазір соны біртіндеп естеріне түсіріп жатыр жігіттер. Әрине тек жеңіс үшін ойнаймыз. Футболшыларға да, жанкүйерлерге де, бізге де тек жеңіс керек.

Александр Мрынский, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы:

- Әрине ойында жеңіске жеткіміз келеді. Қарсыластарымызды матч алдында мұқият зерттеп, алдағы ойыннан кеткен қателіктерді талдадық. Бұл африкалық стиль, күшке негізделген футбол.Ұлттық құрама үшін барымды саламын. Мұндағы әсер ерекше. Тіпті еурокубоктардан да өзгеше.

Б. Асаубаева кезекті ұпайын еншіледі

Бибісара Асаубаева Үміткерлер турниріндегі кезекті ұпайына қол жеткізді. Ол жарыстағы екінші кездесеуін ресейлік шахматшыға қарсы өткізіп, тең ойын көрсетті. Отандасымыз алғашқы турда да Үндістан өкілімен тең ойнаған болатын. Үміткерлер турнирі айналмалы жүйе бойынша 2 кезеңнен тұрады. Бибісара алда қос бірдей қытайлық спортшымен кездеседі. Сондай-ақ тағы бір Үндістан және Ресей өкілімен соңынан украиналық шахматшымен өзара мықтыны анықтайды. Турнир жеңімпазы қазіргі чемпион қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен ойнап, әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне ие болады.

Ә. Жұмақанов тағы күміс алды

Велоспорттан Әлішер Жұмақанов азия чемпионатында тағы бір күміс медаль еншіледі. Отандасымыз скрэтч бәсекесінде мәре сызығын екінші болып кесті. Ал бірінші, үшінші орындар қытайлық спортшыларға бұйырды. Осыған дейін Қазақстан құрамасы 3 жүлде еншілеген болатын. Мәселен Әлішер Жұмақанов ұпай көрсеткіші бойынша топтық кезеңде де екінші орын алды. Артынша Рамис Дінмұхамедов пен Илья Карабутов мэдисон жарысында күміс алды. Сондай-ақ Рината Сұлтанова жеке із қуу сайысында қолаға қол созған болатын. Велоспортшылардың қоржынында әзірге 3 күміс, 1 қола бар.