Қазақ қызы таеквондодан әлем чемпионы атанды

20 жыл күткен алтын. Таеквондодан Ташкентте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақ қызы Айым Серкебаева алтыннан алқа тақты.

Ал Ерасыл Ерзат, Ислам Медетбай, Алидар Абдукаримов және Әділет Шералы қола жүлдені місе тұтты. Осылайша Қазақстан құрамасы 5 медаль еншіледі. 

Әлемнің 119 елінен келген мыңға жуық спортшы 6 күн бойы кім мықтыны анықтады. Қазақстан жастар құрамасы 20 спортшымен бақ сынады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған өрендер әлем біріншілігіне үлкен дайындықпен келген. Халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибелерін шыңдапты.

Айтжан Алдабеков, Таеквондодан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Қазіргі таңдар таэквондоға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Барлық жоспарлар жасалуда. Барлық жағдай жасалған.

16 жастағы Айым Серікбаева қарсыластарынан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Еліміз үшін бұл медальдің салмағы ауыр, себебі Айым таэквондодан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы.

Айым Серікбаева, Таеквондодан әлем чемпионы:

- Бәріне рахмет. Өзімнің жеке бапкеріме алғыс айтамын. Осыған ұзақ уақыт дайындалдық. Көп жұмыс істедім. Еңбек ақталды.

Ерзат Ерасыл, Таеквондодан әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Бұл менің алғашқы үлкен жарысым. Кішкене тәжірибе жетпеді. Әлем чемпионаты болғандықтан аурасы да бөлек болады екен. Бәріне рахмет. Біздің рухымызды оятты.

Ислам Медетбай, Таеквондодан әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Әлем чемпионаты алдында үш этаптық сбор болды. Техника жағынан ересектермен дайындалдық. Психология жағынан бәрі жақсы.

Айтжан Алдабеков шәкірттері Ташкенттегі әлем чемпионатынан үлкен тәжірибе жинағандарын айтады. Жас спортшылар алда болатын халықаралық жарыстарда жіберген қателіктерін түзеп, топ жаруға ынталы екендерін жасырмады.