Таеквондо жеңімпаздары елге оралды
Таеквондодан жастар арасындағы Әлем чемпионатында жүлде алған қыз-жігіттер елге оралды. Жеңімпаздарды Алматы халықаралық әуежайында ата-аналары, достары, ұстаздары салтанатты түрде қарсы алды.
16 жастағы Айым Серікбаева Қазақстанға тарихи алтын медаль сыйлады. Ташкенттегі турнирдің финалында ол мексикалық спортшыны 2:0 есебімен тізе бүктірді. 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айымның жеңісі – ұлттық құрама тарихында кейінгі 20 жылдағы алғашқы алтын. Сонымен қатар Айым Серікбаева Ташкенттегі әлем чемпионатында қыздар арасында «Үздік спортшы» атанды. Қазақстан құрамасының қоржынында тағы төрт қола медаль бар. Алидар Абдукаримов, Әділет Шері, Ерасыл Ерзат және Ислам Медетбай үздік үштіктен көрінді. Әлем чемпионатына 120 елден 1000-ға жуық спортшы қатысты.
Айым Серікбаева, таеквондодан әлем чемпионы:
- Барлық спортсмен жақсы дайындалып келген жартылай финал, финалда жақсы ойын болды. Аллаға шүкір, әлем чемпионы болдым. Бәріне, өзімнің жеке бапкерім Еркебұлан ағайыма үлкен рақмет! Барша қазақ еліне рақмет! Бұл жеңісім ата-анамның қолдауы, бапкерімнің қолдауы.
Айтжан Алдабеков, жастар құрама командасының аға бапкері:
- Біздің де жетістігіміз тарихи жетістік болды. Биыл бізде жасөспірім дер арасында олимпиадалық ойындар өтеді. Сенегал Дакар қаласында. Соған тыңғылықты дайындықтар жүргіземіз. Ол жерден де олжалы оралуға бар күш жігерімізді, білімімізді, біліктілігімізді саламыз.