Бадминтон мектеп бағдарламасына енгізіліп жатыр
Қазақстан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Аруларымыз командалық көпсайыс қорытындысы бойынша 263,65 ұпай жинады.
Оған гимнасшылардың жекелей және топтық жаттығуларда көрсеткен нәтижелері енгізілді. Бұл сында Өзбекстан құрамасы топ жарса, Қытай үздік үштікті түйіндеді.
Таеквондодан Азия чемпионаты аяқталды
Монғолияда таеквондодан азия чемпионаты аяқталды. Отандастарымыз 1 аптаған созылған жарыста 4 қола медаль жеңіп алды. 54 келіде Еркебұлан Еңсеген, 63 келіде Самирхон Абабакиров, 74 келіде Эльдар Бірімбай және 73 келіде Назым Мамұтова үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ, жарыс қорытындысы бойынша 7 бірдей спортшымызға Жапониядағы азия ойындарына жолдама берілді. Атап өтсек, ерлер 58, 68, 80 келі және аса ауыр салмақта бақ сынайды. Ал әйелдер 49, 57 және аса ауыр салмақта жүлдеге таласады. Яғни олимпиадалық салмақтың жетеуінде сынға түседі.
Есбол Сұлтанов, Таеквондодан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Әрине, жақсы нәтиже күтіп едік. Бірақ көп спортшы жартылай финалда тоқтады. Екіншіден, Азия ойындарына 7 лицензия алды. 4 ұл, 3 қыз. Бір қызымыз 8-ші лицензияны ала алмай қалды. Әрине, көңіл қатты толмай тұр. Өйткені 1 алтын медаль алсақ деп келіп едік. Оны орындай алмадық. Енді мына жерде жіберіп алғандарымызды азия ойындарында қайтарамыз деп ойлаймын.
Құдірет Шәмиев, Қазақстан Таеквондо федерациясының президенті:
- Жылдың соңына қарай қараша айының ортасында таеквондо жанкүйерлерін гран-при финалына шақырамыз. Ол жерде де намысты дода, рейтингтік жарыс. Олимпиадаға баратын жолдамалардың біреуі болады деп уәде береміз. Және өзіміздің спортшыларды, команданы қолдауға шақырамыз.
Бадминтон мектеп бағдарламасына енгізіліп жатыр
Елде бадминтон біртіндеп мектептердің дене шынықтыру бағдарламасына енгізіліп жатыр. Күні кеше федерация өкілдері «Білім-инновация» лицейлері мен жетекші жекеменшік мектептермен ынтымақтастық туралы меморондумға қол қойды. Енді мыңдаған оқушы олимпиадалық спорт түрімен тегін айналысу мүмкіндігіне ие болады. Жобаның алғашқы кезеңінің өзі 8 мың бала қамтиды. Яғни бадминтон федерациясы мектептерге арнайы спорттық жабдықтарды табыстап, дене шынықтыру мұғалімдеріне үнемі қолдау көрсетіп отырады.
Елдос Өмірхан, Қазақстан Бадминтон федерациясының атқарушы директоры:
- Бадминтон өте заманауи спорт. Елде кеңінен етек алып келеді. Әлем бойынша трендтегі олимпиадалық спорт түрі. Енді жастарымыз мектептен, бастауыш сыныптан бастап айналысса, бізден болашақ чемпиондар шығады деген үміттеміз. Физикалық нагрузка бойынша елемде топ 3 спортқа кіреді. Икемділікке үйретеді. Бадминтоннан кейін басқа спорттарды игеріп кетуге мүмкіндік көп.
Парижде Rolan Garros турнирі басталды
Парижде теннистен Rolan Garros турнирі басталды. Онда ел атынан 4 бірдей спортшымыз жекелей сында өнер көрсетеді. Ерлерден Александр Бублик пен Александр Шевченко сынға түссе, әйелдерден Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бақ сынайды. Елена алғашқы айналымда словениялық, Юлия аустралиялық, Бублик тәжірибелі неміс спортшысымен кездессе, Александр Шевченко америкалық теннисшімен ойнайды. Айта кетейік, Rolan Garros өз тарихындағы ең қымбат турнир болғалы тұр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 72,8 миллион доллар. Теңгеге шаққанда 34 миллиард теңгеден асады. Өткен маусыммен салыстырғанда сыйақы 9,5 миллион долларға өскен.