Астанада балалар жарысы өтеді

Фото: depositphotos.com

Астанада 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дәстүрлі Kids Run балалар жарысы өтеді, деп деп хабарлайды «24KZ».

Жарыс 1 маусым күні сағат 09:00-де Астана қаласындағы Орталық саябақтың шаңғы-роллер трассасында басталады.

Байқауға 6-15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатыса алады. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 300, 500 және 1000 метр қашықтықта сынға түседі. Қатысушылар саны шектеулі — жарысқа тек 500 бала қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты — балалардың денсаулығын нығайту, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау.

«Kids Run жарысы жыл сайын балалар мен ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырады. Қатысушылар саны 500 адаммен шектелген. Осыған байланысты ата-аналар мен қатысушыларды алдын ала онлайн тіркелуге шақырамыз. Жарысқа қатысу тегін», – деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Жарысқа 29–31 мамыр аралығында reg.elordasport.kz сайты арқылы онлайн тіркелуге болады.

Мәреге жеткен барлық қатысушыға медаль табысталады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз