Елена Рыбакина келесі кезеңге өтті
Қазақстандық классиктер Азия чемпионатында үздік үштіктен көрінді.
Балуандарымыз Вьетнамда өткен 23 жасқа дейінгілер арасындағы құрлықтық додада бас аяғы 8 медаль жеңіп алды. Оның 2-уі алтын, 4-уі күміс, қалған 2-уі қола. Жалпы есепте Өзбекстан құрамасы топ жарса, қырғызстандық балуандар екінші орынға табан тіреді.
Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің 2-ші кезеңіне өтті. Жерлесіміз алғашқы айналымда әлемдік рейтингте 85-ші орында тұрған словениялық теннисшімен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп 2:0. Қос сетте 6:2 есебі тіркелді. Ойын 1 сағат 16 минутқа созылды. Енді келесі кезеңде украиналық спортшыға қарсы өнер көрсетеді. Айта кетейік, Рыбакина алғашқы жеңісі үшін 130 мың еуро көлемінде ақшалай сыйақы алып, 70 рейтингтік ұпайды қанжығасына байлады.
Елена Рыбакина, теннистен ұлттық құрама мүшесі:
- Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Әрине, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстарым бар. Бүгін ауа райы өте ыстық болды. Мен күшімді сақтау үшін көбірек су ішемін болмаса қарбыз сияқты суы мол тағамдарды жеймін. Мұндай жағдайларға алдын алу дайындалу керек. Бүгін де, ертең де дәл осы үрдіспен дайындықты жалғастырамын.
Юлия Путинцева алғашқы кездесуінде жеңіске жетті
Сондай-ақ тағы бір спортшымыз Юлия Путинцева да Париждегі турнирдің келесі айналымына өтті. Ол аустралиялық Талия Гибсонды 2:1 есебімен тізе бүктірді. Жерлесіміз алғашқы сетте қарсыласына 4:6 есебімен есе жіберсе де қалған екі сетте 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. Енді ертең колумбиялық Камила Осориоға қарсы ойнайды.
Ат спорты түрлерінен үш турнир өтеді
Астанада ат спорты түрлерінен бір мезетте үш бірдей халықаралық турнир өтеді. Яғни әлем кубогі кезеңі мен World Cup Challenge финалы және Сидиай-1 мен Сидиай-3 жұлдыз жарыстары қатар ұйымдастырылады. Спортшылар конкур мен мәнерлеп сырғанаудан сайысқа түседі. Додаға 20 шақты елден шабандоздар қатысады. Бұл жарыс алда Германияда өтетін әлем чемпионаты алдындағы іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Сәйкесінше, рейтингтік ұпайлар үлестіріледі. Халықаралық турнир 28-31 мамыр аралағында Астанадағы Арғымақ ат спорт кешенінде өтеді.
Дина Абдакимова, Қазақстан ат спорты федерациясының баспасөз хатшысы:
- Елдердің қатарында Бразилия, ОАР, Жаңа Зеландия секілді жаңадан елдер қосылып жатыр. FEI деген халықаралық федерация бар. Соның тәртібі бойынша аттарды, сәйгүліктерді біз өзіміз ұсынамыз. Жеребе арқылы тасталады. Ол дегеніміз аттар үшін арнайы күтім, медикалық инфрақұрылым керек. Соны бәріне Арғымақ кешені сәйкес келіп тұр.
Айбота Ертайқызы күміс еншіледі
Айбота Ертайқызы көркем гимнастикадан азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл оның Бішкектегі екінші жүлдесі. Осыған дейін командалық сайыста да күміс алған болатын. Отандасымыз жекелей сында көпсайыс қорытындысы бойынша бас аяғы 113,65 ұпай жинады. Атап өтсек, шығыршықпен жаттығуда 28.50, доппен 27.45, ұршықпен сайыста 28.70, таспамен жарыста толық 29 ұпай еншіледі. Осы бағдарламада өзбек қыздары 1-ші және 3-ші орындарды бөлісіп алды. Айта кетейік, Айбота былтыр Сингапурде өткен азия чемпионатында таспа сайысында чемпион, ал көпсайыста қола жүлдегер атанған болатын.
Айбота Ертайқызы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері:
- Азия чемпионатының жекелей көпсайыстағы финалы аяқталды. Бұл өте жауапты сын еді. Ерекше толқу болды. Соған қарамастан өзімді қолға алып, сәтті өнер көрсете алғаныма қуаныштымын. Нәтижесінде төрт жаттығудың барлығын қатесіз орындап шықтым. Осы жарысқа дайындық барысында қолдау көрсетіп, көмектескен жеке бапкеріме және Әлия Юсуповаға алғысымды білдіремін. Командам мен жаттықтырушылар құрамының еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың қолдауы болмаса, мұндай нәтижеге жету де мүмкін болмас еді.