Александр Винокуров Рим Папасына ерекше сыйлық жасады
Велоспорттан Олимпиада чемпионы, отандасымыз Александр Винокуров Рим Папасы Лев XIV-мен кездесіп, оған «XDS Astana Team» велокомандасының ресми жейдесін тарту етті, деп хабарлайды, «24KZ».
Католик шіркеуінің басшысымен жүздесу беделді «Джиро д’Италия» көпкүндік веложарысы аясында өтті. Қазақстандық спорт аңызы бұл кездесуден алған әсерін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Джиро д’Италия" барысында Рим Папасы Лев XIV-ге командамыздың майкасын өз қолыммен табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл Гранд-тур бізге ерекше эмоциялар, кезеңдердегі үш бірдей жарқын жеңіс және көптеген ұмытылмас сәттер сыйлады. Біз әлемдік спорт аренасында Қазақстанның намысын қорғап, командамыздың жетістіктері арқылы елімізді таныта түсетінімізді мақтан тұтамыз», - деп жазды Винокуров.

Александр Винокуров - отандық спорт тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі. Ол 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында күміс жүлдегер атанса, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа таққан болатын.
Кәсіби спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Винокуров отандық «XDS Astana Team» велокомандасының бас менеджері қызметіне кірісті. Айта кетейік, өткен жылдан бастап қытайлық инвесторлардың жоба бюджетін ұлғайтуына байланысты, команда құрамы 60 пайызға шетелдік спортшылармен толықты.