Иван Дычко британдық боксшыны жеңді
Иван Дычко британиялық Харви Дайксты жеңді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралып, Дана Уайт негізін қалаған Zuffa Boxing промоушенінде кездесу өткізді. Жекпе-жек кеші Ұлыбританияның Борнмут қаласында болды. Аса ауыр салмақтағы жерлесіміз сол жердің өкілі, яғни британиялық Харви Дайкспен жұдырықтасты. Айта кету керек, қарсыласы бұған дейін жеңіліп көрмеген. Соған қарамастан Дычко ә дегеннен басымдық танытып, алғашқы раундта нокдаунға жіберді. Дегенмен, Дайкс кездесуді жалғастырып, он раундқа созылған жекпе-жекті соңына дейін жеткізді. Нәтижесінде төрешілер жеңісті Иван Дычкоға берді. Айта кетейік, қазақстандық боксшы былтыр америкалық Джермейн Франклиннен жеңіліп, кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісіне тап болған еді. Енді Иван Дычконың еншісінде 16 жеңіс бар. Оның 14-ін мерзімінен бұрын аяқтады. Ал Харви Дайкс кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңілісіне ұшырады.
Анна Данилина финалда есе жіберді
Анна Данилина «Ролан Гарростың» финалына шығып, бас жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. Кәрі Құрлықта теннистен жылдың басты бәсекелерінің бірі Франция ашық чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында өнер көрсеткен болатын. Ол сербиялық Александра Круничпен бірге финалға дейін жетіп, соңғы сында чехиялық Катерина Синякова және америкалық Тейлор Таунсендпен жолықты. Матч 2:6, 5:7 есебімен аяқталды. Осылайша Данилина мен Крунич қатарынан екінші жыл «Ролан Гаррос» турнирінің финалында жеңіліс тапты. Өткен маусымда олар италиялық Сара Эррани мен Жасмин Паолини жұбына жол берген еді. Бұған қоса 2026 жылдың басында өткен Австралия ашық чемпионатының финалында да жеңіске жете алмады. Соған қарамастан қазақстандық теннисші 300 мың еуро көлемінде сыйақы алды. Бұған қоса 1200 ұпай алып, рейтингтегі жағдайын да жақсартты.
Каратэден Азия чемпионатына дайындық
Нұрқанат Әжіқанов пен Әсел Қанай бастаған қазақ каратэшілері Балиге аттанады. Индонезия төрінде осы спорттан жылдың басты бәсекелерінің бірі Азия чемпионаты өтеді. Байрақты бәсеке 18-22 маусым аралығында болады. Қазірден ел намысын қорғайтын ұлттық құрама белгілі. Ерлер арасында Нұрқанат Әжіқанов, Жоламан Биғабыл, Никита Тарнакин сиқяты, ал, әйелдер арасында Әсел Қанай мен Даяна Даренская сияқты үздік спортшыларымыз бар. Бас-аяғы кумитэде 11 каратэшіміз бақ сынайды. Бұған қоса, ката бағытында және командық сында жүлдеге таласамыз деп жоспардап отыр. Берік Қасенов жетекішлік ететін ұлттық құрамамыз қазір жарыс алындағы дайындықты пысқытап жатыр. Олар Азия чемпионатына 15 маусымда аттанады. Айта кетейік, былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында қазақ қыз-жігіттері 4 алтын, 1 күміс және 5 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірініші орынға жайғасқан болатын.