Әлем чемпионаты - 2026: алғашқы тур ойындары өтіп жатыр
Триатлоннан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы 3-ші медалін жеңіп алды.
Отандастарымыз 17 жасқа дейінгілер арасындағы аралас командалық эстафетада сәтті өнер көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Аталған бағдарламада ел намысын Альхам Мұрат пен Алуа Нұрмұхамет және Гор Депершмидт пен Калерия Шнейдер қорғады. Жерлестеріміз осыған дейін де қоржынға 2 алтын салған еді.
Футболдан әлем чемпионаты жалғасуда. Кеше Аустралия Түркияны 2:0 есебімен ұтса, Бразилия мен Марокко арасындағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал “Неміс машинасы” саналатын Германия құрамасы Кюрасаоны 7:1 есебімен айқын басымдықпен тізе бүктірді. Сондай-ақ Нидерланд пен Жапония кездесуі 2:2 есебімен тең аяқталса, Котдивуар Эквадор құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті. Әзірге отандық сарапшылар мундиальда Испания мен Франция құрамаларының бірі топ жарады деп топшылап отыр.
Ернұр Дүйсенғазы, спорт комментаторы:
- Басты фаворит Испания құрамасы. Соңғы Еуропа чемпиондары араға 16 жыл салып, чемпион боламыз деп келе жатыр. Себебі 2010 жылғы құрам мен қазіргі құрамды салыстырғанда біркелкілікті байқауға болады. Орталығында түсінікті Хави мен Иниестаның ізбасарлары Гави мен Педри бар. Ал шабуыл өтінде Ферран Торрес пен Ямин Ямаль бар. Ямаль әлем чемпионатының жұлдызына айналатын жас талант деп ойлаймын.
Мерей Дінмұхаммедұлы, спорт журналисі:
- Франция финалда ойнауы мүмкін құрама деп ойлаймын. Аргентина да титулды қорғауға барынша тырысады. Бірақ ширек немесе жартылай финалдан әрі аса алмауы мүмкін. Португалия құрамасы кешегі ұлттар лигасын жеңген топ құраммен финал үшін таласатыны анық. Ал Испания өзі қатысқан соңғы турнирлерде финалға шығып жүрген құрама. Сондықтан Де ла Фуэнте шәкірттері жоқ дегенде жартылай финалда финалдан әрі асып, кем дегенде жүлдеге таласады деген сенімім мол.
ҚПЛ: 13-тур қорытындысы
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 13-ші тур ойындары аяқталды. Шымкенттік “Ордабасы” сырт алаңда семейлік “Елімаймен” кездесіп, 3:1 есебімен басым түсті. Ойынның 36-шы минутында Натель есеп ашса, 68-ші минутта Абагна 2:0 ге жеткізді. Көп ұзамай алаң иелерінен Березкин мергендігімен көзге түссе. Артынша Жасұлан Әмір гол соғып, есеп айырмасын 3:1 ге ұлғайтты. Ал “Ақтөбе” мен “Алтай”, “Астана” мен “Ертіс” және “Тобыл” мен “Қызылжар” арасындағы ойындарда 2:0 есебі тіркелді. Яғни алаң иелері жеңіске жетті. Сондай-ақ қызылордалық “Қайсар” сырт алаңда “Каспийден” 1:2 есебімен басым түссе, жезқазғандық “Ұлытау” елордалық “Жеңіспен” кездесіп, 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал “Қайрат” пен Атырау арасындағы ойында 1:1 есебі тіркелсе, “Жетісу” мен “Оқжетпес” 2:2 есебімен тең тарқасты. Дәл қазір турнир кетесінде “Ордабасы” 31 ұпаймен көш басында тұр. Қайрат 27 ұпаймен 2-орынға жайғасса, көкшетаулық “Оқжетпес” 24 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Александр Шевченко финалда сүрінді
Александр Шевченко Словакиядағы жарыстың финалында ұтылып қалды. Еліміздің екінші, әлемнің 97-ші ракеткасы саналатын жерлесіміз турнирдің ақтық кезеңінде жапониялық теннисшімен кездесіп, 2:1 есебімен есе жіберді. Қазақстандық спортшы алғашқы сетті 6:3 есебімен өз пайдасына шешкенімен, қалған 2 сетте 0:6, 6:7 есебімен ұтылды. Енді ол Польшада өтетін халықаралық бәсекеде бақ сынайды.