GGG әлемдік бокс төрінен орын алды
Геннадий Головкиннің есімі енді әлемде аты аңызға айналған былғары қолғап шеберлерімен бір қатарда тұр.
Қазақстандық спортшы Халықаралық бокс даңқы залына қабылданып, ұлттық спорт тарихындағы жаңа белесті бағындырды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Міне дәл осы сәтте менің артымдағы сахнада Халықаралық бокс даңқы залының жаңа мүшелерін ұлықтау рәсімі өтіп жатыр. Әлемнің әр түкпірінен келген жанкүйерлер мен бокс ардагерлері тарихи оқиғаның куәсі болуға жиналған. Биыл олардың ерекше қошеметіне ие болғандардың бірі Геннадий Головкин.
2003 жылғы әлем чемпионы, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокста орта салмақта бірнеше нұсқа бойынша чемпион атанып, титулдарын 23 рет сәтті қорғаған талантты боксшы. Бүгінде аты әлемге әйгілі жерлесіміз Халықаралық бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық былғары қолғап шебері ретінде тарихта атын қалдырды.
Геннадий Головкин, кәсіпқой боксшы, ҰОК және WORLD BOXING президенті:
- Сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ең алдымен кеудені мақтаныш кернейді. Өткенге көз тастап, жүріп өткен жолды ой елегінен өткізгенде көздеген мақсатыңа жеткеніңді түсінесің. Қазір бойымды осының бәрі дұрыс жасалғанына деген ерекше қанағат пен ризашылық сезімі билеп тұр.
1989 жылы Нью-Йорк штатындағы Канастотада құрылған Халықаралық бокс даңқы залы осы спорт түріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды ұлықтайды. Бұл былғары қолғап шеберлері үшін ең жоғарғы құрметтің бірі. Оның Канастотада орналасуы бекер емес. Дәл осы жерде әйгілі әлем чемпионы Кармен Базильо дүниеге келген. Майк Тайсон, Мұхаммед Әли сынды аңыздардың да аты жазылған. Бүгін солардың қатарына Геннадий Головкиннің есімі қосылатынын естіген жанкүйерлер әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы жиналды.
БЛИЦ:
- Генаның ашық көңілі, адамгершілігі мен зіл батпандай қос жұдырығының қуатына қайран қаламын.
- Менің күйеуім кәсіби бокс фотографы болса да, былғары қолғап спортына деген қызығушылығымды Головкин оятты. Ол арқылы осы өнердің қыр-cырын меңгердім.
- Мен боксты ерекше жақсы көрем. Соның ішінде GGG-дің қарапайымдылығына тәнтімін. Айналамдағылардың бәрі оны ерекше құрметтейді.
Төрт күнге созылған іс-шара аясында жаңа мүшелер ұлықталып, салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Сонымен қатар чемпиондар шеруі, жанкүйерлермен кездесулер, қайырымдылық жарыстары ұйымдастырылды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Майқұдықтың қарапайым көшелерінен басталған жол осылайша әлемдік бокс тарихының төріне алып келді. Бүгін Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залынан орын алды. Бұл тек бір спортшының жетістігі емес, қазақ боксының әлемдік деңгейде мойындалғанының белгісі.
Ердана Ержанұлы