Әлем чемпионаты: Өзбекстан алғашқы ойында ұтылып қалды

Ертең Моңғолияда дзюдодан гранд слэм жарысы басталады. Онда ел атынан 20 отандасымыз белдесіп, рейтингтік ұпайлар жинайды.

Сәйкесінше олимпиада жолдамаларына таласады. Себебі дәл осы турнирде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы ойындарға іріктеу кезеңі ресми түрде басталады. Қатысушылардың арасында Мағжан Шамшадин, Марат Байқамуров, Ғалия Тыңбаева сынды балуандарымыз бар.

2 боксшымыз жарысты аяқтады

Қытайда бокстан әлем кубогы кезеңі жалғасуда. Кеше жарыс жолына шыққан 3 отандасымыздың біреуі ғана ширек финалға өтті. Әуелі 70 келіде Абылайхан Жүсіпов бразилиялық Райан Рейеспен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қорытынды есеп 4:1. Ал 60 келідегі Серік Теміржанов АҚШ спортшысымен қолғап түйістіріп, ұтылып қалды. Артынша 80 келі салмақта Сабыржан Аққалықов әлем чемпионы өзбекстандық Жавохир Умматалиевпен жолығып, төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен қарсыласына жол берді.

Жұмысқа 2 сағат кешігіп келсе болады

Өзбекстанда жұмысқа 2 сағатқа кешігіп келсе болады. Бұл шешім Әлем чемпионаты аясында Колумбиямен өтетін матчқа байланысты қабылданды. Яғни көрші елдің билігі ұлттық құраманы қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақытын уақытша өзгертті. Сәйкесінше қызметкерлер жұмысқа сағат 10 нан бастап келе береді. Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы биыл алғаш рет футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Сондай-ақ бүгін Өзбекстанда ұлттық құраманың мундиальға қатысуына арналған арнайы коллекциялық монета айналымға шығарылды.

Өзбекстан алғашқы ойында ұтылып қалды

Өзбекстан құрамасы жаңа ғана әлем чемпионатындағы алғашқы матчын өткізді. Ала шапанды ағайындар Колумбияға қарсы ойнап, 3:1 есебімен ұтылып қалды. Ойынның 41-минутында Муниос есеп ашса, Файзуллаев 60-шы минутта таразы басын теңестірді. Алайда колумбиялықтар ойын соңына дейін тағы 2 гол соғып, жеңіске жетті. Ал Англия Хорватиядан басым түсті. Есеп 4:2. Матчта Харри Кейн дубль авторы атанса, Джуд Беллингем мен Маркус Рэшфорд бір-бір голдан соғып, көзге түсті. Ал Гана құрамасы Панаманы 1:0 есебімен ұтты. Сондай-ақ көпшілік асыға күткен Португалия ойламаған жерден Конгомен тең ойнап қалды. Есеп 1:1. 

Дидар Қадыров, Спорт сарапшысы, комментатор:

- 3 мемлекет те әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Стадиондардың инфрақұрылымы өте керемет. Бірақ матчтар тым көп. Жұмбақ ойындар жоқ. Енді Өзбекстанға тоқталатын болсақ, олардың осы әлем чемпионатына қатысуының өзі түсінген адамға өте үлкен жетістік. Алдағы ойындарына тек сәттілік тілейміз. Мен үшін турнирдің басты фавориттері Испания мен Франция. Ал аутсайдерлер арасынан Жапония құрамасы ұзаққа барады деп ойлаймын.