Майамиде Колумбия мен Португалия кездесті
Майамидегі топтық кезеңнің соңғы ойыны да аншлагпен өтті. Колумбия мен Португалия тең түсіп, екеуі де келесі раундқа жолдама алды.
Ал шырайлы Флоридадағы шаһардың өзі әлем чемпионатының басты футбол орталықтарының біріне айналып, осыған дейін төрт топтық кездесуді қабылдады. FIFA талаптарына сай жаңартылған аренада қауіпсіздік шаралары да бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейтілді. Ал қала орталығындағы Бэйфронт бағында мыңдаған жанкүйер жиналатын ресми фан аймақ жұмысы қыза түсті.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Міне, бұл - әйгілі Майами стадионы. Дәл осы 65 мың орындық аренада әлем чемпионатының іріктеу кезеңдерінен бастап, қола медаль ойынына дейінгі барлық бәсеке өтеді. Және бүгін бұл жерде Португалия мен Колумбия құрама командалары кім мықтыны анықтасады.
Ареналарда да, жанкүйерлер аймағында да сары түстің басым екенін көресіз. Майами тұрғындарының негізгі бөлігін құрайтын Латын Америкасынан шыққан азаматтар бәрі жаппай испантілді Колумбияға болысып жүр. Ал Португалияға әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы келген Роналдудың жанкүйерлері жақ. Қос мықты команда келесі кезеңге өтіп тұрса да, футболсүйер қауым теңбіл топтың хас шеберінің кім екенін дәл осы ойында шешіп алғысы келетіндей.
Иса, Колумбия командасының жанкүйері:
- Біз 2014 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатына оралып тұрмыз. Енді финалға жетуге дәмеліміз.
Габриела, Колумбия командасының жанкүйері:
- Колумбия “футбол” десе, ішкен асын жерге қояды. Бұл спорт халқымызды біріктіре алатын күшке ие. Қуаныш, көтеріңкі көңіл күй, ән-би - бәрі бар. Және қазіргі команда мүшелері қарапайым ортадан шығып, әлемдік аренада өз мықтылығын дәлелдеп, талай жасқа үлгі боп келеді.
Аксэл, Португалия командасының жанкүйері:
- Роналдуды бала кезімнен бері пір тұтамын. Әсіресе Реал Мадрид шағы. Оның мықтылығын сөзбен айтып жеткізу қиын.
Ева, Португалия командасының жанкүйері:
- Бүгін ерекше толқып тұрмын. Әкеммен бірге алғаш рет әлем чемпионатының ойынын көруге келдім. Күн ыстық болса да, Португалияға деген қолдауым тіптен күшейе түседі. Және мұнда әр елдің жанкүйерлері бір аренада бас қосып, футболдың нағыз мерекесін жасап жатыр.
Екі жыл бұрын дәл осы стадионда Аргентина–Колумбия арасындағы Copa América финалы алдында билетсіз жанкүйерлердің жаппай басып кіру әрекеті матчты 82 минутқа кешіктірген еді. Сол оқиғадан кейін FIFA 2026 үшін Майамида қауіпсіздік талаптары айтарлықтай күшейтілді. Аренаның маңайында үш сатылы қауіпсіздік периметрі енгізілді. Билеті жоқтар стадионға апаратын тегін шатлдарға отыра алмады. 5 жарым шақырымдық радиуста дрондарға шектеу салынды. Көлік тұрақтары сияқты ашық алаңдар да қоршалды. Соны пайдаланған жергілікті тұрғындар паркинг деген жазуы бар қағаздармен жол жиегіне шығып, бір кеш үшін 50 долларға өз ауласындағы орындарды жалға беріп, пайда тауып жатты. Ал аренаға кіре алмаған жанкүйерлер қаланың ірі алаңдары, жағалаулары мен бақтарындағы фан-аймақтарда көңіл көтерді.
Нұрбол Асқарбай, қазақстандық турист:
- Дәл осы Колумбия-Португалия ойынына билет алған болатынмын. Қандай да бір техникалық ақау себептерімен кіре алмай отырмын. Сөйтіп ол жақтан стадионнан келіп, мынау Майамидегі фан фестивальға келіп, көріп куә болып отырмыз. Енді қайырымен дейміз. Бастысы әлем чемпионатының атмосферасын сезіндім. Әртүрлі халықтың ілтипатын, мейірмандығын, жақсы-жаман жағы болсын, көріп, өте керемет әсер алып жатырмын.
Бүгін Майами Роналду секілді футбол аңызының ойынына куә болса, алда 3 шілдеде осы шаһарға жақсы таныс Месси көрерменнің көзаймына айналмақ. Ол кезде Майами стадионында азулы Аргентинамен дебютант болса да, әлеуметтік желіде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген Кабо Верде командасы бақ сынасады. Ал жарыс соңында колумбиялық бикештерден сальса үйреніп өзім де өз бағымды сынап жаттым.
Авторы: Ердана Ержанұлы