Асу Алмабаев UFC-де тарихи жетістікке жетті
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC тарихына есімін жазды. Ол ұйымның жаңартылған «Кештің үздік өнері» (Performance of the Night) бонусын алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды, деп хабарлайды «24KZ»
Әзербайжанның Баку қаласында өткен UFC Fight Night турнирінде Алмабаев америкалық Чарльз Джонсонмен октагонда кездесіп, жекпе-жекті үшінші раундта ауырту әдісімен мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл жеңіс оның UFC-дегі ең жарқын жеңістерінің бірі саналып отыр.
Тамаша өнері үшін қазақстандық файтерге 100 мың АҚШ доллары көлемінде арнайы бонус табысталды. Айта кетейік, бұған дейін «Кештің үздік өнері» үшін берілетін сыйақы 50 мың доллар болған. UFC биыл бұл бонустың көлемін екі есеге арттырып, 100 мың долларға жеткізді. Осылайша Асу Алмабаев жаңа көлемдегі бонусты алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді деп жазды Sports.kz.
Бұл жеңістен кейін Алмабаевтың UFC-дегі көрсеткіші 8 жекпе-жекте 7 жеңіс және 1 жеңіліске жетті.
Оның ұйымдағы жалғыз жеңілісі 2025 жылдың наурыз айында португалиялық Манел Капеге қарсы кездесуде тіркелген.
Жарқын жеңіс пен қомақты бонус Асу Алмабаевтың UFC-дегі беделін арттырып, оны жеңіл салмақтағы үздік файтерлердің бірі ретінде таныта түсті.