«Қайрат» алғашқы ойында жеңіске жетті
«Қайрат» футболдан чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңін сәтті бастады. Өз алаңында Черногорияның «Сутеську» клубымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның 76-шы минутында Лукас Африко есеп ашса, 90 минутта қонақтар таразы басын теңестіріп кетті. Гол авторы Марко Мрвалевич. Десе де төреші қосқан қосымша минутта Марк Гуаль жеңіс голын соғып, алматылықтарды алға шығарды. Бұл матчта Исмаил Бекболат 2 нәтижелі пасымен көзге түсті. Енді қарымта ойын 16 шілде Черногорияда өтеді. Жеңімпаз команда чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.
Алматыда Нысана көздеуден Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Оған барлық өңірден 200-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Ел біріншілігінің жеңімпаздары күзде өтетін азия ойындары мен әлем чемпионатында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Жарыс 10 шілдеге дейін жалғасады.
Египет құрамасы төрешілерге шағымданды
Египет футбол қауымдастығы Аргентинамен болған матчтан кейін төрешілердің үстінен шағым түсірді. Бұл ойында франциялық Франсуа Летексье бастаған қазылар алқасы қызмет көрсеткен болатын. Онда мысырлықтар есепке алынбаған гол мен берілмеген пенальтиге қатысты тергеу жүргізуді талап етті. Сондай-ақ, әлем чемпионаты аяқталғанға дейін аталған төрешілерді қызметінен шеттетуді сұраған. Еске сала кетейік, 1/8 айналымда Аргентина мен Египет кездесіп, ширек финалдық жолдаманы сарапқа салған болатын. Нәтижесінде оңтүстік америкалықтар 2:0 есебімен ұтылып жатып, камбэк жасап кетті. Қорытынды есеп 2:3.
Бақдәулет Ерғали, футбол сарапшысы:
- Енді Аргентина мен Мысыр арасындағы ойын 1/8 дегі ең тартысты ойын деп айтуға болады. Төрешілер жағынан көп дау болып жатыр. Оның кейбірімен келісемін, кейбірімен келіспеймін. Аргентина ойын бойы үстімдік етті. Алайда Египетке де обал болды деп ойлаймын. Сол бір сәтте Салахқа қарсы ойын тәртібі шынында бұзылды. Одан кейін голын алып тастаған кезде ұзақ уақыт кері қайтарып қарап, голын алып тастады. Сол эпизодтар ойынға әсер етті деп ойлаймын.
Бүгін Франция мен Марокко құрамасы кездеседі
Бүгін түнде футболдан әлем чемпионаты аясында ширек финалдық ойындар басталады. Алғашқылардың бірі болып Франция мен Марокко құрамалары кездеседі. Матч АҚШ-тың Бостон қаласында өтеді. 2 команда бұған дейін 6 мәрте кездескен. 4 рет француздар жеңіске жетсе, 1 рет тең және 1 мәрте марокколықтардың пайдасына аяқталған. Соңғы рет қос құрама 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында жолықты. Ол кезде француздар 2:0 есебімен басым түскен болатын.
Ердәулет Нұрқасым, футбол сарапшысы
- Бұл жерде Франция құрамасының алдыңғы шебі, жартылай қорғанысы және қорғаныс шебі өте мықты. Олисе, Мбаппе және Дембеле үштігіне лайықты қарсылық көрсете алатын команда аз деп ойлаймын. 2022 жылы Франция мен Марокко арасындағы кездесуде Франция жеңіске жеткен болатын. Меніңше, сол кездегі Франция құрамасымен салыстырғанда қазіргі команда әлдеқайда күшейе түсті. Марокконы оңай жеңбесе де, келесі кезеңге өтуге толық мүмкіндігі бар.