Көшпенділер ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр
«Ордабасы» «Тобылды» жеңіп, турнирлік кестеде көш бастады. Футболдан Қазақстан Премьер лигасында күн өткен сайын бәсекелестік күшейіп келеді. 20-шы турда шымкенттік клуб өз алаңында қостанайлық команданы 2:0 есебімен жеңді. Сәйкесінше, «Ордабасы» топ басына жайғасты.
Көкпаршылар көшпенділер ойындарына 10 күн ерте барады. Яғни жарыс өтетін жерге бейімделіп, сол жерде жаттығу жасауды жоспарлап отыр. Нұрдәулет Момынов бастаған жігіттер жолға 21-тамызда шығады. Ал дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өзі 31-тамызда басталады. Ұлттық құрама қазір Алматы облысында дайындықты пысықтап жатыр. 24 жігіт пен 24 жылқы іріктеліп алынды. Олардың жартысы көкпар бойынша жартысы көкбөрі бойында бәсекелерге қатысады. Қазақстан көкпар федерациясы, оның сыртында отандық спортқа жауапты министрлік пен ұлттық спортқа жауапты қауымдастық ел намысын қорғайтын жігіттерге барлық жағдайды жасап, керек-жарақпен қамтамасыз етіп жатыр.
Жылдың басты жарысына дайындық
Азия ойындары өтетін жерге ең алдымен каратэшілеріміз аяқ басады. Берік Қасенов баптайтын қыз-жігіттер байрақты бәсеке алдында Жапонияда, осы спорттың тарихи отанында жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл тәжірибе бұрынннан бар. Яғни, Олимпиада Ойындары болсын, Азия Ойындары болсын қазақ каратэшілері Жапонияның Юка қаласында әзірлік жүргізеді. Сол жердегі спортшылармен тәжірибе алмасып, бірлесе шеберлік шыңдайды. Бұл қос тарап арасында ұзақ жылдан бері келе жатқан тығыз қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың арқасы. Айта кетейік, жылдың басты жарысы саналатын Азия ойындары биыл жапон жерінде қыркүйектің соңы мен қазанның басын өтеді. Ал нақты каратэ бойынша бәсекелер 21-24 қыркүйек аралығында болады.
Жас таланттардың халықаралық олимпиадасы
Әлем мықтылары Астанада. Еліміздегі спорттық бағдарламалау федерациясы ерекше бастаманы қолға алды. Жасанды интеллект және IT саласындағы ең үздік өрендерді жинап, халықаралық олимпиада ұйымдастырып жатыр. Бұл жарыстың пайда болғанына көп өте қойған жоқ. Қазақстан тарихта үшінші болып әлемдік аламанды қабылдау құрметін алды. Байрақты бәсекеге 106 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Бұл өзіндік рекорд болып саналады. Олар енді командалық және жекелей сындар бойынша бірнеше күн өзара мықтыны анықтайды. Тағы бір айта кетерлігі, халықаралық олимпиаданы ұйымдастыруға бюджеттен бір теңге де бөлінбеді. Яғни, толықтай демеушілердің қолдауымен өткізіліп жатыр.