Алматы облысында әлемнің дзюдошылары жаттығып жатыр

Алматы облысында әлемдік дзюдоның үздіктері бас қосты.

30 елден келген 700-ге жуық балуан бір татамиде жаттығып, шеберлігін шыңдайды. Халықаралық жиын 15 тамызға дейін жалғасады.

Бекзат Үшкемпір, тілші:

- Алатау баурайында атағынан ат үркетін палуандардың қатысуымен өтіп жатқан жиын, бір қарағанда кезекті оқу-жаттығу жиыны секілді. Бірақ татамиге шығатын спортшылардың арасынан олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздарын, жалпы  төрткүл дүние көз тіккен додаларда тұғыр төрінен көрінген палуандарды байқадық. Сондықтан қазақстандық дзюдошылар үшін бұл әлемнің үздіктерімен бір алаңда жаттығып, тәжірибе жинайтын ерекше мүмкіндік.

5 тамызда басталған оқу-жаттығу жиынының жөні бөлек. Себебі боз кілемге бір мезетте бірнеше елдің балуаны шығып, бірлескен жаттығу өткізеді. Бірі техникасын шыңдаса, енді бірі қарсыласының әдісін зерттеп, дайындығына жаңа тәсілдер қосып жатыр. Яғни мұнда әр белдесу алдағы жарыстарға жасалған дайындықтың бір бөлігі.

Талғат Орынбасар, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері:

- Бұның артықшылығы әлемдік деңгейдегі оқу-жаттығу жиыны. Басқа елдерден мықты палуандар келеді. Өзіміздің қазақтар ғана емес, бүкіл әлемнен келіп жатыр. Осында жүрген жапон палуандары, әлем чемпиондары, әзербайжандық палуандар. Топта бірінші болып рейтингтері жарып тұрған. Сол балуандармен күресіп, сезініп соларды. Болашақта шығып жатсақ, мақсат ұту.

Жиынға 3 Олимпиада чемпионы мен 11 жүлдегері, 20 әлем чемпионы және 50-ге жуық жүлдегер қатысып отыр. Олардың қатарында Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев та бар.

Айбек Имашев, дзюдо федерациясының бас хатшысы:

- Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу жоспарымызда бар. Ол жас ерекшеліктер бойынша. Жасөспірімдер, жастар және ересектер бойынша. Мұндай халықаралық жаттығу жиынының біздің спортшыларға беретін әлеуеті өте жоғары. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушы саны мен географиясы жағынан мұндай ауқымды халықаралық оқу-жаттығу жиыны Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Басты мақсат - әлемнің әр түкпірінен келген татами шеберлерін бір алаңда тоғыстырып, тәжірибе алмасуға жағдай жасау. 

Бекзат Үшкемпір, Радик Жакупов